Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда «ҚазТрансОйл» компаниясының қызметкерлері арасында өткен Халықаралық спартакиада өз мәресіне жетті

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2018
  • 4188

Алматыда «ҚазТрансОйл» компаниясының қызметкерлері арасында өткен Халықаралық спартакиада өз мәресіне жетті. 4 күнге созылған спорт тойында 360-қа жуық мұнайқұбыршы, басқа да сала мамандары 7 түрлі додада бақ сынасты. Әр басқармадан келген 16 команда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атануға тырысты. 

«ҚазТрансОйл» компаниясы спорт додасын дәстүрге айналдырған. Осымен 21 рет өткізілген спартакиаданың алғашқы ойыны жасыл алаңда басталды. Биылғы доданың ерекшелігі - спорт додасына елдегі еншілес компания командалары қатысты.

Ерболат Меңдібаев, «ҚазТрансОйл» АҚ орталық аппараты тасымалдау департаментінің директоры:

Спартакиада барлық халыққа бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлесін қосады деп ойлаймын. Спортта тек осындай «ҚазТрансОйл» компаниясы және Қазақстан елі жеңіске жете берсін.

Биылғы жарыс тек шағын футболмен ғана емес, өзге де спорттық ойындарымен ерекшелене түсті.  Үстел теннисінен үздік ракеткалар анықталса, өзге спорт кешенінде волейбол ойыны жалғасты. Желмен жарысқан желаяқтар бақ сынап, командалар ұлттық ойынымыз арқан тартыста да бәстесті.  

Кіл мықтылар жеңіс тұғырынан көрінді. Оларға медальдармен қатар марапаттау қағаздары да берілді. Ал командалық есепте павлодарлық мұнайқұбыршылар бірінші орынды қанжығасына байласа, екінші және үшінші орынды Қарағанды және Маңыстау мұнай құбыры басқармасының спортшылары бөліске салды.

Алтынбек Қамшыбек, «ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасының басшысы:

Өзіміздің жұмысшылардың еңбегі. Алды 5 жылдан, арты 10-15 жылға дейін қызмет етіп жүрген жұмысшылар. Ең қария жұмысшы волейболдан 62 жастағы біздің командада. Ол да барлық ойынды басынан аяғына дейін ойнап шықты.

Компания басшылығының айтуынша, бұған дейін санаулы команда ғана бақ сынап жүрген сайысқа биыл барлық басқармалар қатысқан. Бұл жұмысшылардың ісіне серпін беріп қана қоймай, үлкен ұжым мәртебесін одан әрі шарықтата түседі деп отыр.

Орал Ыдырысов, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары:

Спартакиаданың ерекшелігі - әрбір біздің мұнай басқармасы қатысып отыр. Мен ойлаймын, осы бастауымыз өте орынды. Өте дұрыс. Бәрі біздің еншілес компаниялар болсын, мұнай басқармалары болсын, бәрі қолдап жылдан жылға осылай өткіземіз деген бағыттамыз.

Осылайша, жұмыс киімін спорттық формаға ауыстырған қызметкерлер мен басшылар 4 күн ішінде бір-біріне тек қарсылас атанып қоймай, үлкен ұжым бір шаңырақ мүшелеріндей араласты. Ал келер жылы да жалғасатын спартакиадада сайыс түрлері көбеймек.

Олжас НҰРЖАҚЫП