Русский Сайттың толық нұсқасы

Аналарының аялы алақанын көрмей өскен балаларға сабаққа қажетті құралдар салынған сөмкелер берілді

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2018
  • 2803

Жетім көрсең, жебей жүр! «Нұр отан» партиясы жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 15 мыңнан астам балаға тарту-таралғы жасады. Партия басшылығы балалар үйіне арнайы барып, мектепке қажетті  оқу-құралдарды үлестірді. 

Астанадағы балалар үйі үшін бүгін ерекше күн.  Жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндер аздап қобалжиды. Бүгін оларды жаңа оқу жылымен құттықтауға  партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев келді. Нұротандықтар жылдағы дәстүрге сай балаларға мектепке қажетті оқу-құралдар салынған сөмкелер табыс етті. Балғындар да құр алақан емес.  Бірі ән айтып, бірі би биледі. Кейбірі "ғылыми" жетістіктерін паш етті. 

Иван Попов, Балалар үйі тәрбиеленушісі:

Мұнда біз роботтарды өзіміз құрастыруды үйренеміз. Біз роботтарды құрастырумен қоса, қабырғада «Стем-лабортатория» деп жазылып тұрғандай, түрлі химиялық әдістерге эксперименттер жүргіземіз.

Мына кабинетте олар шахмат ойнауға машықтанады. Сондай-ақ бұл жерде  "Нұр Отан" партиясының қолдауымен ашылған IT класстар, шаштараз, кітапхана, спорт залдары бар. Мекеме бюджеттен бөлінген қаражаттан  86 миллион теңге үнемдепті.  Оны 90-ға жуық баланың білім жетілдіруге  жұмсадық дейді.

Динара Закиева, Астана қаласындағы балалар үйінің басшысы:

Бірінші кезекте қаржы түгелдей мекемені қамтамасыз етуге, мәселен, коммуналдық төлемдер, жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Ал үнемделген ақшаны, өздеріңіз көріп тұрған, балаларға арналған үйірмелерді ашуға жараттық.

"Балаларды мектепке даярлайық" акциясы аясында  елде 15 мыңға жуық балаға көмек берілді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Мектепке баратын жабдықтарын алып беруге, мектеп киімдерін алып беруге,  басқа да әлеуметтік мәселелерін шешуге  біздің партиямыздың тарапынан сондай  көмек көрсетіліп,  15 мың бала осы көмекпен қамтылды.  2 мыңнан астам қайырымдылық шаралар жүргізілді. 

Қайырымдылық акцияларына қалталы азаматтармен қоса, қарапайым тұрғындар да ат салысуда.

Сабина МӘДИҚЫЗЫ