Он бес жасар өнертапқыш қыз зағип жандарға арналған мобильді қосымша ойлап тапты. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оныншы сынып оқушысы Любовь Дудченконың жаңалығы - көзі көрмейтіндер үшін таптырмайтын құрал. Ол телефон камерасы арқылы кез-келген жазбаны оқуға, тыңдауға мүмкіндік береді. Жас қыздың жаңалығы Қытайда өткен жарыста топ жарып үлгерді.
Бұл ноу-хауды "дүниеге әкелу" үшін Любовь ұзақ жылдар еңбектенген. Алғыр қыз ақыры дегеніне жетті. Зағип жандардың білім алуына мүмкіндік жасау - оның бала күнгі арманы. Арманы орындалу үшін, сабақтан тыс уақытын робототехника зертханасында өткізеді. Осылайша, «Оқып көр» атты телефон қосымшасын ойлап тапты.
Любовь Дудченко, Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы:
Инклюзивті оқу жүйесін ой елегінен өткізіп, жанарынан айырылғандар дені сау оқушылармен бір сыныпта қалай оқи алады деп өзіме сұрақ қойдым. Артынан осыны неге өз қолыма алып көрмеске деп бекіндім. Ұзақ жылдар бойы жанымдағы көмекшілерім Селімжан Чалышкан мен Әди Бауыржанұлы үшеуіміз жобаны жасай бастадық. Әрекетіміз зая кетпеді. Әрине, көзі көрмейтін адамдар үшін кез-келген ақпаратты оқу қиынға соғады емес пе?
Мобильді қосымша жұмыс істеу үшін оны смартфонға жүктеп, бейнекамераны іске қосасыз. Содан соң, қажетті жазбаға бағытталады. Ондағы бар мәліметті аудиоформатта естуге болады. Немесе Браиль шрифттерімен экранға түскен мәтінді оқуға мүмкіндік береді.
Жас қыздың жаңалығы, еліміздегі бірнеше стартап байқаудың бас жүлдесін алып үлгерді. Тіпті жақында Қытай мемлекетінде өткен халықаралық ғылыми-техникалық жарыста да Любовь Дудченконың жобасы жоғары бағаланып, топ жарды. Қазақстандағы стартап байқаулардың ұйымдастырушысы Айжан Жекееваның айтуынша, елде жас өнертапқыштар қатары жыл сайын артып келеді. Бірақ мемлекеттік қолдау жетіспейді. Бір ғана мысал, халықаралық байқауға қатысуы үшін үкімет бір тиын да бермейді. Үміткерлерге жол ақысы, тағысын тағы демеушілер көмектеседі екен.
Айжан Жекеева, «Қазроботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті:
Кез-келген байқауға демеуші іздейміз. Мысалға, Любовьтің жобасын Қытайда таныстыру үшін алты жүз мың теңге кетті. Біздегі механизм осындай. Жарыстарда жүлдеге ие болған жандардың жобасы ақтық сынның тегін жолдамасын да ұтып алады. Одан кейін жалпы жарыс финалының сметасын, олардың жол билеттері мен тамағын, тұратын орнын есептейміз. Сол бойынша демеушілер өз көмектерін көрсетеді.
Қазіргі
таңда жас өнертапқыш бос уақытын осы жобаны жетілдіруге жұмсайды. Сәтін салса,
авторлық құқықы алуды жоспарлайды. Оқушы қыз болашақта зағип жандарға арнайы
қолғап ойлап табуды мұрат етеді.
Олжас НҰРЖАҚЫП