Русский Сайттың толық нұсқасы

Қытай корпорациясы елімізде оқ-дәрі шығаратын зауыт салмақ

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2016
  • 2666

Norinco деген қытайдың мемлекеттік корпорациясы бар. Жүк көліктері, жеңіл автомобильдер, мотоцикл, машина өнімдері, геологиялық барлауға арналған қондырғылар, химиялық, тіпті жеңіл өнеркәсіп тауарлары және жарылғыш заттар мен қару-жарақ шығаратын. Осы әмбебап ірі корпорация елімізде зауыт салмақ. Ірі калибрлі оқ-дәрі дайындайтын. Қорғаныс министрлігінің әскери-техника саясат департаменті бастығының орынбасары Юрий Беляев «Астана» арнасына берген арнайы сұхбатында айтты. Айдың соңында әскери техника мен қару-жарақ қойылатын «KADEX-2016» көрмесі өтеді, соның аясында жасалатын келісім-шарттардың бірі көрінеді. Беляев қытайлардың арнайы зауыт салатынын ғана емес, санкциялар қыспағындағы Ресейге әскери техниканың құрамдас бөліктерін жеткізу көлемін ұлғайтатындарын жеткізді.  

Юрий Беляев, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техника саясат департаменті бастығының орынбасары:

Санкцияларға байланысты жағдайды білесіздер. Кейбір мемлекеттер бір-бірімен сауда жасай алмайды. Сондықтан біздің елімізге осы кеңістікті алу керек. Қытайдың «Norinco» компаниясымен Қазақстан Респубикасына өндіріс орындарын әкелу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деп жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда, ірі калибрлі оқ-дәрі шығаратын зауыт салу жоспары.

Қытай үкіметінің бірқатар өндіріс ошақтарын Қазақстанға, Қазақстанмен шекараға көшіру мәселесін қарастырып жатқанын Vlast.kz порталы да жазды. Олар Астана экономикалық форумына келген әлемдегі ірі порт операторларының бірі «DP World» Директорлар кеңесінің төрағасына сілтеме жасайды.

Сұлтан Ахмед ибн Сулайм жүктерді теңіз арқылы тасылмалдауға 40 күннен 60 күнге дейін, ал темір жол арқылы тасымалдауға 10-15 күн кететінін айтқан. Әрине темір жол қызметі  қымбат – мысалы, Қытайдан Еуропаға бір контейнерді теңіз арқылы жеткізу  350-500 доллар болса, темір жолмен 5 000 доллар. Уақыттың өте қымбаттығы осындайда көрінеді.

Эксперт шығындарды азайту үшін Қытай өндіріс ошақтарын Еуропаға жақындататынын, оның ішінде Қазақстанға да орналастыру жоспары барын айтқан.

"Болашақта Қытай өз өндірістерін Еуропаға жақын, Қазақстан жағына қарай көшіруі мүмкін. Мен солай болады деп ойлаймын. Қазір Қазақстан транспорттық мүмкіндіктердің артықшылықтарын пайдалану үшін Қорғас портын логистикалық парк түрінде дамытып жатыр", – деген Сұлтан Ахмед ибн Сулайм.