Таразда тұңғыш рет Оңтүстік Корея мамандары 5 науқасқа тізе буындарын эндопротездеу, яғни алмастыру операциясын жасады. Отаның арқасында қос аяғы істемей қозғалыстан қағылған қарт кісілер қайта жүріп кетеді. Операцияның ерекшелігі - қос сүйектің біріккен жеріндегі буынның орнына «титан» материал салынады. Жоғары білікті Кван Гю Пак және Сухан Лим реконструкциялық хирургия бойынша тізе буындарын эндопротездеу отасын сәтті жасап шықты. Одан бөлек, олар облыстағы 20 маманға шеберлік сағатын өткізіп, буын алмастыру операциясының қыр-сырын үйретті.
Кван Гю Пак, Оңтүстік Корея ортопедиялық хирургия департаментінің реконструктивті хирург дәрігері:
Операция сәтті өтті. Қиындықтар болғанымен, еш саспай еңсердік. Мәселен, қазақстандықтардың дене бітімі бізге қарағанда айтарлықтай ірі келеді екен. Операция столында осы ескерілді. Науқастар 10-15 күнде өздігінен жүріп кетеді.
Ал елімізде мұндай операция жасатуға 3 жарым мың адам кезекте тұрғанын ескерсек, буын ауруының белең алып бара жатқаны байқалады. Жамбылдың өзінде әрбір 5-ші адам осы ауруға шалдыққан. Сүйектегі кальций жетіспеушілігі, артық салмақ тізе буындарының мұжылуына әкеледі. Шетелдік мамандардың шеберлік сағатынан кейін жергілікті дәрігерлер өңірдегі науқастарға өздері ота жасайтын болады.
Нелля Ивасик, Тараз қаласының тұрғыны:
Аяғым ауырып, ұзақ жылдар бойы азап шектім. Тіпті емін-еркін қозғала алмай қалдым. Оңтүстік Корея дәрігерлері Таразда шеберлік сағатын өткізеді әрі тегін ота жасайды дегенді естіп ойланбастан келдім. Жасым келсе де, тәуекелге бардым. Дәрігерлер сенімімді ақтады. Қазір аяқтарымды қимылдата аламын, бір аптадан соң жүріп кетесің деп отыр.