Русский Сайттың толық нұсқасы

«Казцинк» ағызған лас су...

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2016
  • 2702

Риддер тұрғындарын «Казцинк» кен байыту комбинатынан Тынық және Филипповка өзендеріне құйылып кеткен лас су біраз әбігерге салды. Мыс, мырыш, қорғасын, алтын-күміс сынды металлдар, бас аяғы 17-ден астам өнім түрін беретін өндірістің «жуындысы» улы болатынын пайымдау үшін асқан білімнің қажеті жоқ. Жергілікті халықтың дабыл қаққаны да түсінікті, реакциясы да дұрыс. Шу шыққан соң, компания мен өңір басшылары өзен арналарына ағызылған судың адам өміріне қаупі жоқ деп, кезек-кезек мәлімдеді.

Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:

Орын алған жағдайдың басты себебі 70 жылдары жұмыс істеген кейін резервацияға жіберілген құдық арқылы су коллекторға өтіп сыртқа шығарылған, бүгінде ол жабылды толықтай.

Комбинаттың әкімшілік сұрақтары бойынша атқарушы директоры, өзен суының жұртты шошытқан ерекше түске боялуы қарапайым  тастардың үгітілгесін табиғи бояуының суға араласуынан, ешқандай химиялық қоспалар жоқ,- деп "қызық" түсіндірді. Кейін серіктестіктің экологы сынама қортындыларына сәйкес, суда ауыр металлдардың үлесі бар екенін ақыры мойындады.

Қазтай  Тәкеев, «КАЗЦИНК»  ЖШС бас экологы:

Қалдық қоймасынан аққан судың құрамында қышқыл жоқ. Және болуы мүмкін емес. Өйткені фабрика тұнық су қолданады. Сондай-ақ судың құрамынан күшәла да кездескен жоқ. Цианид  қалыпты мөлшерде. Мырыш 10-15, қорғасын мен мыс 4, марганецтің шекті рұқсат етілген концентрациясы  7-8 деңгейді көрсетті.

Қазір лас су шыққан апат ошағы цемент аралас ағаш жонтасымен бекітілген. Ал комбинат жұмысын жалғастырды.  Алайда ақпарат құралдары беттерінде күні кеше жарық көрген өңірдің мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының зерттеу нәтижелері алаңдатады. 34 металл бойынша алынған сынамаларда мыстың мөлшері қалыпты концентарциядан 18, мырыш 16 есе, марганец 9,7, азот қышқылы мен темір көлемі 2 еседен артып кеткен. Бұған қарамастан жергілікті билік пен алпауыт өнеркәсіп халыққа басу айтып, «қауіп жоқ» деуден таймай отыр.

Ал лай су Ертіске жетті...