Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысында "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" қарқынмен іске асырылуда

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2018
  • 2975

Батыс Қазақстанда тұрғын үй құрылысының қарқыны жақсы. Әсіресе «7-20-25» бағдарламасы - баспана мәселесін тиімді шешуге бағытталған маңызды бастама, әрі жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысына жасаған сапарында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мәлімдеді. Мәулен Әшімбаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған оралдықтардың алғашқы легіне пәтер кілттерін табыстады.

Бүгінде Орал қаласында 19 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Солардың ішінен баспаналы болу бақыты Қадешевтер отбасына бұйырды. «7-20-25» бағдарламасының арқасында екі бөлмелі пәтерді сатып алды.

Ақсақал құтты болсын! Осы үйдің қызығын көріңіздер балаларыңызбен бірге. Осы үйге құр қол келмеу үшін, әкіммен бірге көрімдігіміз! 

Өңірде жыл басынан бері 250 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 415 мың шаршы метр үй бой көтермек. Оның бір бөлігі «Бес әлеуметтік бастаманың» бірінші бағыты бойынша салынады. Құрылыстың қарқын алғанынан үміттенген пәтерге мұқтаж отбасылардың ішінен 55 адам «7-20-25» бағдарламасына қатысуға өтініш берген.

Әйгерім Байзақова, Орал қаласының тұрғыны:

Біз секілді жас отбасылар, қарапайым халық бүгінде пәтер мәселесін оңтайлы, тиімді шеше алады. Себебі бас-аяғы 5 жылдың әдемі, кең үш бөлмелі үйге қол жеткізіп отырмыз. Сондықтан да Елбасына ризашылығымызды айтамыз.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Әрбір отбасы үшін баспаналы болу ең бақытты сәттердің бірі екені түсінікті. Бұл енді Елбасының "7-20-25" бағдарламасының нақты жүзеге асырылып жатқандығының көрсеткіші. Елбасының осы үлкен бастамасының жүзеге асырылуына өзіміздің септігімізді тигізіп, екінші жағынан халыққа түсіндіріп, үшінші жағынан қоғамдық бақылау жүргізіп, жалпы осы бағдарламалардың игілігінің халыққа толықтай жетуінің, халықтың сол игілікті пайдалануына өзіміз үлесімізді қосуға жұмыс істеудеміз

Мәулен Әшімбаев жергілікті партия активімен кездесіп, "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" мен жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылуын пысықтады. Бұдан кейін ІТ-орталықта болды. Бүгінде өңірде 15 ІТ-сынып пен 1 ІТ-орталық жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті қолдайтын «SMART URALSK» автоматтандырылған жүйесі де назардан тыс қалмады. Кәсіпкерлер бұл порталдан бос жер телімдері туралы ақпарат алады. Осылайша, Орал - Қазақстан бойынша ақылды қала жүйесін Астанадан кейін енгізген екінші қала болды. Ал Жастар және оқушылар сарайында ашылған коворкинг орталықтағы кездесу еркін форматта өтті. Мәулен Әшімбаев жастарға заман талабына сай білімді, сауатты болудың маңызын түсіндіріп, өзін-өзі дамытудың қажеттілігіне кеңінен тоқталды.

Еркін КАРИН