Жаңа маусымда жаңа телехикая. «Астана» телеарнасы жаңа отандық телехикаяның түсірілімін бастады. «Жүрек сыры» деген атпен экранға жол тартатын туындының басты кейіпкерлері апалы-сіңілі екі қыздың айналасында өрбиді. Тағдыр тартысы, шытырман оқиға мен өмір үшін күреске құрылған телехикаяның түсірілімдері Алматы қаласында жүріп жатыр. Туындыға бұрыннан елге танымал және енді ғана кино өнеріне келген жастар тартылып отыр. Түсірілім алаңынан тілші баяндап береді.
Бұл көп сериялы телехикая түсірілімінің алғашқы күні. Сериалдың басты кейіпкерлері Әмина мен Ақнұр - бірге туған жандар. Екеуінің сыртқы келбеттері бір-біріне ұқсайды. Бірақ жан дүиелері екі түрлі. Ақнұр - алаңғасар, басын ылғи тәуекелге тігіп, шытырман оқиағалардың арасында жүреді. Ал Әмина, керісінше, әлжуас, туғанынан жүрегі науқас. Оқиғаның басты сыры да осы - жүрек оқиғасы. Әминаны аман алып қалу үшін донорлық жүрек керек, әпкесінің жүрегі.
Айдын Сахаман, «Жүрек сыры» телехикаясының режиссері:
Бұл бір отбасылық драма. Бір қыздың өмірін сақтап қалу үшін, екіншісін құрбан ету керек. Бұл ретте ата-ана, дәрігерлер қандай шешім қабылдайды? Көрермен бірінші бөлімнен-ақ осы сұрақтың жауабын іздейді.
Сериалда медицина қызметкерлерінің өмір мен өлім арасында тұрған жан үшін қандай қадамдарға баратыны көрсетіледі. Ал кейіпкерлер үшін басқа қандай тауқімет түссе де, адамдық келбетті жоғалтпау маңызды. Бас кейіпкерлерге фильм авторы осыны жүктейді.
Шолпан Батырбаева, «Жүрек сыры» телехикаясының бас продюсері:
Махаббат, көздің жасы, өмір үшін күрес әдеттегі оқиғалар. Ал біздің сериалда шытырман көріністер көп кездеседі. Байкерлерді, көлік қуғыны, қақтығыстармен ерекшеленеді. Дәрігерлердің жүрек сияқты органға күрделі операция жасаған сәттерін көрсетеміз. Біздің сериалдардың тұрақты көрермендері мұны бағалайды деп ойлаймын.
"Жүрек сыры" телехикаясы актерлік құраммен де қызықты. «Асыл Арман» сериалы арқылы танылған Назерке Ноғайбай мен Шерхан Пірназаров осында. Ал танымал актерлерден Азат Сейтіметов пен Асылбек Боранбаев туындының мазмұнын ашуы тиіс. Ал Ақнұр Ахатова сияқты жаңа бейнеге де маңызды рөлдердің бірі сеніп тапсырылған. «Астана» арнасының тұрақты көрермендері жаңа туындыны көп кешікпей бағалайтын болады.