Атырау қаласында алғаш рет мектеп жанынан балаларға арналған коворкинг орталығы ашылды. Заманауи үлгіде жасақталған орталықтың ашылуына "Нұр Отан" партиясы Атырау облыстық бөлімі қолдау білдірген. Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді ойын ойнауға, қалаған әдеби кітаптарды оқуға мүмкіндік бар. Бір мезетте 60 баланы қабылдайтын коворкингте балалар мен ата-аналарға арналған түрлі тренингтер мен интеллектуалдық сайыстар өткізу жоспарда бар. Айта кетейік, өңірде «Қазақстан кітапханалары - Білім орталықтары» атты партия жобасы аясында тағы 10 кітапхана жанынан коворкинг жұмыс істеп тұр.
Әлібек Семғалиев, «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы фракциясының мүшесі:
Мектеп кітапханалары жанынан балалар коворкинг орталықтарын ашу - қазіргі заман талабы. Бұл демалыс аумақтары балалардың ой-пікірін, шығармашылығын арттыруға арналған. Алдағы уақытта нұротандықтардың қолдауымен коворкинг орталықтардың саны көбейеді деген сенімдеміз.