Русский Сайттың толық нұсқасы

Ольга Рыпакованы жанкүйерлері әуежайда ыстық ықыласпен қарсы алды

  • AstanaTV
  • 11 қыркүйек 2018
  • 2029

Өскемендіктер Азия ойындарынан алтын, IAAF Континентальдық кубогынан күміс олжалап оралған Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованы әуежайда күтіп алды. Сондай-ақ, Геннадий Головкин мен оның қарсыласы Альварес арасындағы жекпе-жектің басталатын уақыты нақтыланды. Осы және өзгеде спорт жаңалықтары алдағы топтамада.

Олимпиада чемпионы, Азияның төрт дүркін жеңімпазы Ольга Рыпакова бүгін туған жері Өскеменге ұшып келді.  Жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Жақында Индонезияда аяқталған Азия ойындарында Ольга Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтын салған еді. Ойындар аяқтала салысымен, жеңіл атлетика шебері Чехияда өтіп жатқан IAAF Континентальдық кубогына қатысып үлгерді. Бұл жерден күмістен алқа тағынып қайтты.

Ольга Рыпакова, Лондон олимпиадасының чемпионы:

Қазір жарыстар жаңа жүйе бойынша өтетін болған. Төрт команда, төрт континент. Барлық спортшылар нәтижеге жұмыс жасамайды, жүлделі орын үшін таласады. Себебі бұл жалпы команда үшін ұпай әкеледі. Жүйе қиын әрі оған үйрену оңай болмады. Барынша тырысып бақтым, бірақ маған екінші жүлделі орын бұйырды. Енді біраз демалған соң, қайтадан жаттығу жиындарына жол тартамын.


Ал тағы бір даңқты жерлесіміз Геннадий Головкин мен оның қарсыласы Сауль "Канело" Альварес  арасындағы жекпе-жек Астана уақытымен 15 қыркүйектен 16 қыркүйекке қараған түні сағат 03.00-де басталады. Ал Головкин мен Альварес арасындағы тартысты қазақстандық көрермендер  16 қыркүйек таңғы сағат 08.00-ден бастап тамашалайды. Геннадий Головкин бүгін Boxingtalk.com спорт порталына берген сұқбатында өзінің спорттық мансабы туралы сұрақтарға жауап берді. Кәсіпқой бокс шебері үлкен спортпен қоштасатын күн туралы да айтып, 15 қыркүйектен соң оның нақты жауабын естисіздер, деп қысқа қайырған.


Қазақстан құрамасы футболдан Ұлттар Лигасының топтық кезеңінде Андоррамен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Осылайша, жерлестеріміз сыртқы кездесуде тек бір ұпай еншіледі. Ел құрамасы есепті бірінші болып ашты. Қарсы команданың қақпасына допты ойынның 68 минутында Юрий Логвиненко соққанымен, ойынның 76-минутында Серікжан Мужиков екінші сары қағаз алып алаңнан қуылып, Андорраның жартылай қорғашуысы Жорди Алаэс 85 минутта есепті теңестіріп кетті. Осылайша, біздің құрама Д дивизиондық тобында 4-ші орынға жайғасты. Кестеде көш басында Грузия құрамасы. Ал Андора мен Латвия екінші және үшінші орындарды бөлісті. Енді Станимир Стоилов шәкірттері 13 қазан күні Латвия командасымен кездеседі. Ал Андорра Грузиямен бақ сынасады. Жалпы алда құрамамыздың 4 ойыны бар.


Есесіне мұз айдынында өнер көрсету жағынан қазақстандықтар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Астаналық «Барыс» Конитненталдық Хоккей Лигасысының қорытындысы бойынша маусымның алғашқы үш матчында үздік шабуыл шебінен көріне білді. Десе де "Барыстың" қоржынында қазір тек бір-ақ жеңіс бар. Екі рет жеңілгендіктен, үш ұпайға ғана ие болды. Астаналық команданың ойыншылары қарсыластарына 14 шайба салған. Маусымның бастамасында «Нефтехимиктер»-ді 6:1 есебімен жеңгенімен Ақ Барыс пен Торпедодан айласын асыра алмады. Ертең «Барыс» «Нефтехимикпен» қайта сынға түседі. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ