Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбедегі жарылыстан үш адам күйіп қалды

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2018
  • 2912

Ақтөбеде  жанар-жағармай сақтау қоймасында жарылыс болып, үш адам зардап шекті. Қазір олар жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Екі адамның  халі мүшкіл дейді дәрігерлер. Бұл оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеру амалдары жүріп  жатыр.

Бақыт Рахметова, тілші:

Оқыс оқиға «Sinooil» компаниясының қоймасында түс мезгілінде болған. Тасымалдаушы көлік бензин құйып жатқан жерінен аяқ астынан жарылған. Сол маңда болған екі оператор мен жүргізуші зардап шекті. Үшеуі де қазір ауруханада. Екі адамның жағдайы ауыр.

Болат жеке компанияда жүргізуші болып жұмыс істейді. Оқыс оқиғадан шок алған. Құдай сақтап уақытында өртеніп жатқан киімін шешіп үлгеріпті. Оның оң қолын күйік шалған. Цистернаны бензинмен толтыру кезінде «тарс» еткен дыбыс естілген. Қас қағым сәтте өртпен арпалысып жатқан екі операторды көреді.

Болат Сәрсенов, көлік жүргізушісі:

Мен өртендім. Артыма қарасам, Серік деген оператор болды. Ол қашып бара жатқанда, киімдері лаулап жанып жатты, жабысып. Мен «қашпа» дедім. Жүгіріп, сөндіре бастадым, өзімнің үстімдегі курткам өртене бастады. Жерге тастап, таптап-таптап. Артыма қарасам, әйел адам, үлкен кісі ғой, өртеніп жатыр.

Көліктің дәл жанында тұрған елу бес жастағы жұмысшы қатты күйіп қалды. 30 жастағы екінші ер адамның денесін елу пайызға күйік шалған.

Сәкен Қапанов, облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

Екі науқаста бірден жансақтау бөліміне салынды. Екеуінің де жағдайы ауыр. Әйел адам 55 жаста 85 пайыз күйік шалған. Ер адам 30 жаста. Оның денесінің 50-55 пайызын күйік шалған.

Тілсіз жауды жеке компанияның өрт сөндірушілері ауыздықтаған. Зардап шеккендерді де ауруханаға дереу жеткізген өздері көрінеді. Қазір мамандар жарылыстың  себебін анықтап жатыр.

Бауыржан Оразаев, облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

Жұмысшылар бір жағынан еңбек қауіпсіздігін бұзған шығар. Оны комиссия тексереді ғой. Машина қандай болды, адамдар үстіне арнайы киім киді ме? Противогаз кию керек пе? Бәрін анықтап, комиссия жұмысын бітірген соң айтамыз.

Бақыт Рахметова, тілші:

Оқиға болған жерге кіруге тыйым салынған. Қазір онда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Жанармай көлігі  Қытайда шығарылған. Қолданысқа екі жыл бұрын берілген көрінеді. Мамандар комиссия шешімін он күн ішінде жариялауы тиіс.

Бақыт РАХМЕТОВА