Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда көлігін қалай болса солай қоятын 286 көлік иесіне әкімшілік айыппұл салынған

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2018
  • 2688

Қостанайда көлігін бейберекет тастап кеткен 286 жүргізуші ақшалай жазаланды. Жыл басынан бері олар 3 миллион теңге айыппұл төлеген. Дегенмен ауладағы жолдарды көлікпен бітеп тастайтын тұрғындар саны азаймай тұр. Тіпті өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтірген кейбір жүргізуші қайта емтихан тапсыруға жіберілген. Кезекті рейдке тілшіміз Заңғар Санай да қатысып қайтты.

Роман Орехов аулаға көлігін көлденең қойып кеткен. Сөйтіп, жұрттың жолын бөгеп жатыр. Бүгін оңай құтылды. Әдетте айыппұл салынады.

Роман Орехов:

Қалада көлік көп. Ал аула өзі тар, мұнда тұрақ та жоқ. Тұрғындар көлігін қайда қоярын білмейді. Амалсыз үйдің кіре берісіне тақай салуға тура келеді.

Шынымен шаһардағы көп қабатты үйлердің ауласына арнайы техниканың кіріп-шығуы мұң.  Әсіресе өрт сөндірушілер бұған жиі тап болады.

Заңғар Санай, тілші:

Тар ауланың тауқыметін тартқан тұрғындар "орын болмағандықтан, көлікті көпқабатты үйдің кіреберісіне қоюға мәжбүрміз" дейді. Ал қаулап өскен қалың ағаш өрт сөндірушілердің өтуіне кедергі келтіріп, жолын бөгейтін көрінеді.

Гүлнәр Жолбарысова, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері:

Біз пәтер иелері копперативінің өкілдерімен үнемі кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Оларға ауладағы ағаштарды кесіп, көлік өтетін жерлерді жөнге келтіру керегін, талай айттық.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен жергілікті полиция қызметі бүгін тағы аула аралап, ереже бұзған көлік иелеріне ескерту жасады. Рейд осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл басынан бері үш жүзге жуық адам әкімшілік жаупкершілікке тартылыпты. Оларға 5 АЕК бастап, 50  мың теңгеге дейін айыппұл салынған. "Арасында ережені екі рет бұзған 10 адам бар", - дейді полицейлер.

Глеб Кузнецов, қалалық жол-патрульдік полициясының қызметкері:

Ережені екінші рет бұзған көлік иелері айыппұлдан бөлек жол ережесіне қайтадан емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін қайтарып алады және елу мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Өрт қауіпсіздігі талабына сәйкес көп қабатты үй кіреберісінің екі жағы да бос тұруы тиіс. Есік алдына елу метрге дейін көлік қоюға болмайды. Дегенмен бүгінгі рейд кезінде ортақ ережеге бағынбағандар ескертумен шектелді. 

Заңғар САНАЙ