Бетін күйік шалып, адам танымастай күйге түскен Санжар Жанахметов көмекке зәру. Осыдан екі жыл бұрын Қызылордада газ балоны жарылып, қызыл жалын ортасында қалған балақай тірі қалған. Бірақ бет әлпеті оңбай күйіп қалды. Жеті жасар бала үйде оқиды, далаға шығудан қалған. Жаны қысылған ата-анасы біздің редакциямызға көмек сұрап хабарласты.
Санжарды жатырқамайтын жалғыз 1,5 жастағы қарындасы. Ойын баласы үйді айналып, сыртқа шығудан қалды. Қатарластары бірден сұқ саусақтарын шошайтады. Ал Санжардың бар тілегі - дос табу, ел қатарлы сабаққа бару.
Санжар Жанахмет, 7 жаста:
Менің көп жолдасым болса деймін, мектепке барғым келеді. Балдармен бірге сөйлесіп отырғым келеді. Операция жасатып, бетім, қолым кетсін деп тілеймін Алла Тағаладан енді.
Жұлдыз Тыңдабаева, Санжардың анасы:
Далаға шықса, бәрі қарайды, бала өте қиналады, көбінесе ешқайда шықпайды. Үйде ойнайды, сабақ үйден оқытып жатырмыз. Мазақтайды, көшеге шықса, балалар.
Қайғылы оқиға 2016 жылы қыста болған еді. Газ атылып, үй бір қас қағым сәтте өртеніп кетті. Жанахметовтар әулетінің әжесі қайтыс болды. Бес адам ауыр хәлде ауруханаға түсті. Бес жасар Санжарды дәрігерлер аман алып қалған. Бірақ бұрынғы кейіпін қайтару мүмкін болмады.
Әйгерім Абдукаримова, Қызылорда қаласы теміржол ауруханасының балалар бөлімшесінің меңгерушісі:
Енді ата-анасы басқа шетелдерден, қай жақ болса да, жақсы пластикалық ота жасалатын жерге барғысы келіп тұр. Одан басқа жол жоқ. Оның жаңағы уже бітіп кеткен ғой келоидты болып, соның бәрін орнына пластикалық ота арқылы ғана қалпына келтіріледі.
Ляйля Тыңдабаева, Санжардың әжесі:
Папасының табатыны такси 2-3 мың ақша, бірде бар, бірде жоқ. Болмағасын қалтамдағы тиынға дейін осыларға. Халқыма рақмет, халықтың жинаған тиын-тебенімен осы үй салынды. Жүрегінде мейірімі бар мынау жоғарыда отырған азаматтарға, көмек берсе екен деп солардан сұраймын.
Шет елде мұндай күрделі отаға кем дегенде, жүз мың доллардай қаражат керек. Сапалы пластикалық отаны Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы да жасайды. Дәрігер Мисмил Мурадов жақында терісінің 70 пайызын күйік шалған алты жасар баланың бетін қайта қалпына келтірді.