Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда екі оқушы токқа түсіп, қаза тапты

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2018
  • 2692

Павлодарда екі оқушы футбол алыңында ойнап жүріп, токқа түсті. Қайғылы оқиға қала іргесіндегі Жаңаауыл кентінде болған. Алдын ала болжам бойынша 12 және 14 жастағы жеткіншектер сол маңдағы электр торабының әуе желісін ұстаған. Оқиғаға қатысты полицейлер сотқа дейінгі тергеу шараларын бастапты.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Оқыс жағдай мен тұрған мына футбол алаңында болған. Жеткіншектер дәл осы жерде ойнапты. Жағдайдың нақты қалай болғанын тұрғындар айтқысы келмейді. Ал электр сымдарына жауапты "Павлодарэнерго" мекемесі балалар биіктігі сегіз метрге таяу қоршауға шығып, оның үстіндегі сымды қолмен ұстауға әрекеттенген дейді. Дәл сол кезде оларды ток соққан.  Дәрігерлер жедел жеткенімен, құтқару мүмкін болмапты.

Эльмира Темірғалиева, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы 8 минутта жетті. 12 және 14 жастағы ұлдарда электр шок болған. Яғни  екеуі де өміріне сәйкес келмейтін электр жарақатын алған. Дәрігерлер биологиялық өлімді тіркеген. 

Қазір футбол алаңы бос тұр. Бұл жердегі қайғылы оқиғаны шарбақ жанына қойылған мына бірнеше тал гүл ғана еске салады. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, марқұмдар бірі-біріне бөле көрінеді.

Индира Лятина, «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің өкілі:

Екі жасөспірім бала ойын ойнап жүріп, Северная промышленная трансформаторының қосалқы станциясының кернеуі 6 кВт болатын электр беру әуе желісіне қолдарын созып, тигізген. Нәтижесінде екі бала да мерт болды. Толық ақпарат арнайы комиссияның қорытындысынан кейін белгілі болады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қайғылы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 105 бабы, яғни «Өз өзіне қол салуға итермелеу» фактісімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Істің бұл баппен қозғалуын тәртіп сақшылары Кодексте «оқыс оқиға» дерегі бойынша арнайы баптың қарастырылмағанымен түсіндірді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ