Русский Сайттың толық нұсқасы

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы валютаның құбылуы салдарынан тоқырап тұр

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2018
  • 5751

Теңге бағамының құбылуы мен қаржылай тәуекелділіктің сақтандырылмауы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысына кедергі келтіріп отыр. Мамандардың есебінше, оның құны 30 миллиард теңгеден асады. Потенциалды инвесторлар қатарында Еуропаның қайта құру және даму банкі мен бірқатар шетелдік компаниялар бар. Алайда олар жобаның күн өткен сайын қымбаттап бара жатқанына алаңдаулы. Жобалық-сметалық құжаты дайын болғанмен, қаржы көзі әлі жоқ. 

Бұқтырма су қоймасындағы өткел Күршім мен Зайсан аудандарының тіршілігі үшін маңызды. Осы су жолымен таңғы 7-ден кешкі 9-ға дейін азық-түлік пен дәрі-дәрмек, тіпті көмір де тасымалданады. Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауа райының құбылмалы мінезі адамдар мен тауар тасымалына әп-сәтте кедергі келтіре алады.

Қайрат Қабдешев, ШҚО Күршім ауданының тұрғыны:

Сағат 9 кезінде Зайсанның маңайы буланып кетеді. Ал науқастарға ауруханаға жету керек. Көлік көп, қаншама рет өте алмай қалдық. 3 жыл бойы адам тасып жүргенде төбелесті де, ұрысты да, көзім көрді.

Паромдағы өткелден өту қымбатқа түседі. Жеңіл көлікке 1 жарым мың теңге алады, оның өзі қозғалтқыш көлеміне байланысты. Ал жүк көлік үшін өту ақысы 7 мың теңге. Сондықтан сүттен бастап сәбилердің жөргегіне дейін шарықтайды. Өскемендегі 8 мың тұратын көмір Күршімге жеткенде 18 мыңға көтеріледі. 

Роза Тілеубаева, ШҚО Күршім ауданының тұрғыны:

Тауарлардың бәрін қымбатқа сатып аламыз. Себебі жол екі есеге ұзарады, бұл өте өзекті мәселе. Неге екенін білмеймін, билік қаржы таппай отыр маШешілер түрі жоқ.

Көпірдің жобалық-сметалық құжатына облыс бюджетінен 260 миллион теңге бөлінген. Мемлекеттік сараптама жасалған. Құрылысқа қаржы құятын инвесторлар табу ғана қалған. Облыс әкімі сенаторлармен кездесінде қаржылай тәуекелділіктің сақтандырылмауы жобаны іске асыруға кедергі келтіргенін мәлімдеді. Енді көпірдің қашан салынары белгісіз

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Өкінішке орай, қаржылай тәуекелділік мәселесі шешілер емес. Жоба ұзақ 5 жылға жоспарланды. Өткелдің ұзындығы 1 жарым шақырым, бұл тек су жағы ғана, оның үстіне жол тағы қосылады. Ал инвестор валюта бағамындағы айырмашылықты не істейміз дейді. Қаржылай тәуекелділікті кім сақтандырады? Өтемақыны кім төлейді? Біз Бұқтырмада ғана емес, басқа да әлеуметтік нысандарда осындай проблемаға тап болдық.

Көпір Күршім, Зайсан және Қатонқарағай секілді үш бірдей ауданды қосар еді. Ауа райының қолайсыздығынан өткел жабылған кез бен су қатпаған мезгілдерде тұрғындарға Зырян ауданын айналып жүруге тура келеді. Бұл - 500 шақырымдық жол. Көпірдің жоқтығы Күршімдегі мыс кенішін қазуға да кедергі келтіріп отыр. Ауылдықтар жинаған астықтарын сата алмайды. Инвесторлар болса әлеуметтік, туристік жобаларға қаржы құюға құлықсыз. Соңғы жылдары Күршім ауданының халқы 45 мыңнан 30 мыңға қысқарған. Жұрттың туған жерлерін тастап кетуіне Бұқтырма су қоймасындағы өткел мәселесі себеп болып отыр.

Айжан ҚУАШ