"Астана банкіндегі" проблема жарты жылдай бұрын басталды. Халық сол кезден бастап депозиттегі ақшаларын ала алмай келді. Банк есеп-шот аударымдарына да шектеу қойды. Ақыры лицензиясынан айырылып тынды. Бүгін Ұлттық банк "Астана банкінің" қызметін мәжбүрлі түрде тоқтату туралы сотқа арызданғанын хабарлады. Жұрттың қаржы ұйымында депозит ретінде салған 40 миллиард теңгеден астам қаражаты қалған.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2018 жылғы 18 қыркүйекте Ұлттық Банк Басқармасының «Астана Банкі» АҚ-ты банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдауына байланысты жеке тұлға-салымшыларды теңгемен және шетел валютасындағы депозиттер, төлем карточкаларындағы және банктік шоттардағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен қорғалғанын ескертеді.»
Ұлттық банкітің ақпараты бойынша елде 30-дан аса екінші деңгейлі банк бар. Бұған дейін «Казинвестбанк», «Валют-транзит банкі» және «Delta bank» жабылған болатын. Енді бұл тізімді жақында лицензияларынан айырылған "Қазақ банкі", "Эксимбанк" пен "Астана банкі" толтыруы мүмкін. "Центр кредит банкінің" басшысы Ғалым Құсайынов екінші деңгейлі банктер үшін қиын кезең келгенін айтты. Ол нарықтан әлсіздер кетіп, тиімді банктер келеді деп болжайды.
Ғалым Құсайынов, «Центр кредит банкі» АҚ төрағасы:
«Өздеріңіз байқағандай, қазір банк секторы сырғыма нарықта тұр. Әрине, мұнда бір ойыншы кетсе, бірі келіп жатады. Бұл экономиканың айнымас заңдылығы. Мықтылары нарықта қалады. Осы орайда бірігетіндер де табылады. Батыста бұл қалыпты жағдай.
Ал депутат Азат Перуашев банктердегі бақылауды күшейту үшін бұрын бұл қызметті атқарған агенттікті қайтаруды ұсынады.
АЗАТ Перуашев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Бұл жауапкершілікті ең алдымен бақылаушы органнан сұрауымыз керек. Бұл Ұлттық Банк. Мүмкін, сол банкінің ішіндегі бұрын есіңізде бар болса, банктерді бақылайтын агенттік болатын. Ұлттық банктен бөлек орган болған. Кейін олар біріктірді. Мүмкін, осындай жағдай болған соң біз банкті бақылайтын агенттікті қайтадан құру керек шығар».
Уатхан Қабылтайұлы, тілші:
Бұған дейін президент лицензиясынан айырылған үш банктің басшысы тиімсіз жұмыс істеп отыр деп сынаған еді. Ұлттық банк басшысына акционерлердің ақшаны ұрлауына жол бермеуді тапсырды. Ал "Астана банкінің" салымшылары үшін алаңдайтын нәрсе жоқ. Олар қаражаттарын қайтара алады. Өйткені 10 миллион теңгегеге дейінгі сома депозиттерге кепілдік беру қорымен кепілдендірілген. Жақында Ұлттық банк салымшылар қаржысын үлестіретін банк-агентті анықтауы тиіс. Ақша осы банкке өтініш түсірген соң 5 күн ішінде қайтарылуы тиіс.