Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қазақстанның даму Банкі" машинақұрастыру саласына ақша құюға әзір

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2018
  • 2225

Мұнай-газ саласында машинақұрастыруға ақша құюға әзірміз. Отандық машинақұрастырушылардың 6-шы форумында "Қазақстанның даму Банкі" басшысы Болат Жәмішев осылай деді. Қаржы институты нақты жоспары бар, техника-экономикалық негіздемесі шыққан жобаларды қолдауға дайын. Және қаржыландырудың қандай тетіктері барын түсіндіріп берді.

Өңдеуші өнеркәсіпті қаржыландыруға бағытталған банктің несие портфелінің тек 1,2 пайызы машинақұрастыруға тиесілі. Алайда, бұл Қостанайдағы жеңіл көлік зауыты "СарыарқаАвтопром", "АгромашХолдинг", Павлодарда теміржол дөңгелегін шығару, "АтырауМұнайМаш" және Шымкенттегі трансформатор өндірісі сияқты ел экономикасы үшін маңызды жобалар.

Болат Жәмішев, "Қазақстанның даму банкі" АҚ басқарма төрағасы:

Мұнай-газ саласында машинақұрастыруға келсек, бұл бағыттың әлеуеті жоғары. Қашағандағы жұмыстың жандануы, Теңізді кеңейту жобасы бар. Осы орайда біз банкке қызықты болатындай мұнай-газ саласында машинақұрастыруға бағытталған сәтті жобаларды көргіміз келеді. 

Банк ірі бизнес үшін әр-түрлі несиелік құралдары арқылы жаңа жобаларды инвестициялау кезеңінен бастап дайын өнімді экспортқа шығару бойынша кредиттеуге қауқарлы. Ұзақмерзімді теңгелей және шет ел валютасымен несие береді.

Болат Жәмішев, "Қазақстанның даму банкі" АҚ басқарма төрағасы:

Банк қаржылай заемдарды 20 жылға дейін береді. 7 млрд-тан бастап қаржыландырады. Жобаның 20 пайызын иесі салуы тиіс. Неге 7 млрд десеңіздер, біз екінші деңгейлі банктермен бәскелеспейміз. Өйткені ұзақмерзімді жобаларға қаржы бермейтін олардың қызметін өз мойнымызға алып отырмыз. 

Куаныш Башимов, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

2017 жылдың нәтижесі бойынша машинақұрастыру саласы алғаш 1 трлн теңгеге жетті. Жаман емес көрсеткіш. Және бұдан әрі дамуға әлеуетіміз бар.

Ал, бұдан аз қаржыға негізделген бастамаларды ҚДБ-Лизинг арқылы қарастыруға болады. Мұнда ең азы 1 млрд беріледі. Үш жылдан 20 жылға дейін. Жоба иесі 15 пайзын өзі құяды. Банк басшылығы Үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарлама бойынша  жобаларды инвестициялауға арналған 197 млрд теңге көлеміндегі бос қаражат бар екендігін тілге тиек етіп, форум қатысушыларын техникалық тұрғыдан жақсы әзірленген проектілерді қаржыландыру үшін Даму банкіне жолығуды ұсынды.