Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде 12 жылдық білім беру мәселесі қаралды

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2016
  • 1988

Академик Сейіт Қасқабасов Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадивке депутаттар арқылы "сәлем" жолдады. Мәселе үш тілді білім беру жүйесіне қатысты. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде 12 жылдық білім беру мәселесі қаралды.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Жаңа ғана Сейіт Қасқабасов осы мәселеге байланысты мені тамақтан ұстап алды да, «Енді зиялы қауымның осы сөзін айтпасаң, сенің азаматтығың құрысын» деді. Ол не дегенде, ағылшын тілін пән ретінде, басқа да болсын бастауыш сыныпта кіруі. Өйткені қай сөздің ағылшынша, қай сөздің орысша, қай сөздің қазақша екенін бала білмейді. Мың жерден сылтау айтыңыздар да, бастауыш мектепте қалыптасып алғанша, бір-ақ тілде оқу керек. 

Еске салайық, министрлік 2016 жылдан бастап мектептерде үш тілді білім беру жүйесін енгізбекші. Сондай-ақ, депутаттар қисынсыз құрастырылған, қателіктерден көз сүрінетін оқулықтар мәселесін тағы көтерді. Министрдің айтуынша, биылдан бастап Республика бойынша бірінші сыныптар бір оқулықпен оқиды. Бұған дейін әр облыстың өз оқулығы, өз баспагері болса, қазір жағдай өзгерген. Жекеменшік баспаханалар авторлық құқығын тегіс мемлекетке тапсырды. Енді оқулықтан қателік кетсе, министрлік жауапты.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Әр оқулықты, кім оны шығарса да, дайындаса да, оқулықтың құқығы мемлекетке берілді. Үлкен айқай-шу шығып жатыр. Авторлық право деп жатыр, анау-мынау деп жатыр. Бірақ шығаратын компаниялар сол құқықты міндетті түрде хат жазып, бізге берілді. Енді ол мемлекеттің оқулықтары.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ