Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде қарлы боран құрсауында қалған 400-ден астам адам құтқарылды

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2014
  • 1641

Соңғы бір тәулік ішінде Қазақстанда табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендер саны 400 адамнан асты. Бұл күндері апаттан құтқару қызметі тынымсыз жұмыс істеуге көшті.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе облыстарында қарлы боранның құрсауынан осынша жолаушы құтқарылған. Олардың қатарында 18 бала бар. Сондай-ақ, 103 техника, оның ішінде 7 жолаушылар автобусы табиғат апатынан құтқарылды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Алапат боран Ақмола облысында да көптеген қиындықтар тудырған. Кешелі бері аймақта бес адам бораннан адасып кетті. Олардың бірін табу әзірге мүмкін болмай тұр.

Нұржамал Аябекова, Ақмола облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

Қар басып қалу салдарынан 127 автокөлік шоғыры мен 240-тан аса адам эвакуацияланды. Сондай-ақ, ауа райы қолайсыздығына қарамастан, 5 адам үйінен шығып кеткен, қазір 4-уі табылып, қалған біреуін іздеу жалғастыруда. 

Ал, «Қазгидрометтің» хабарлауынша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт суытады. Қар борап, желдің екпіні күшейе түспек. Астанада сейсенбі күні қар борап, желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге жетеді. Түнде ауа температурасы -23, күндіз -18-20 градусқа төмендейді.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА