Русский Сайттың толық нұсқасы

Ел жастары Елбасын жеңісімен құттықтады

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2015
  • 1943

Президентті ұлықтау күніне орай, бүгін барлық өңірде жастар бір мезетте флешмоб өткізді. Аталған шара түрлі ұлт өкілдері мен қоғам белсенділерін бір арнаға тоғыстырды. Жалынды жастар жаңа сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге, бір тудың астында еңбек ететіндеріне сенім білдірді. Таразда, Қарағандыда және Қостанайда өткен шараға тілшілеріміз куә болды.

Осындай көтеріңкі көңіл-күймен Тараздағы тұңғыш Президент саябағына мың жарымнан аса жас жиылды. Олар -  Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалдық реформасын қолдайтындарын білдіріп,  «5 реформаға - ия!» атты акция аясында бас біріктірді. Шараға 26 этномәдени бірлестік пен 80-нен аса ұлт өкілдері келді. Олар қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін жасалар еңбегіне зор сенім артатындарын айтады.

Айгүл Қабиева, «Әулие-Ата» қазақ этномәдени орталығы төрағасының орынбасары:

Біз, Тараз жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, барлық ұлттың өкілдері - Елбасымыздың бүкіл идеясын, соның ішінде 5 реформасын қолдаймыз. Осының бәрі - біздің қазақ елінің болашағы, жастарымыздың болашағы! Сондықтан мәңгі бақи қазақ елі жасай берсін, аспанымыз ашық болсын, Елбасымыз мың жасасын, жас қазақ елі, жаса Қазақстан, Алға Қазақстан!

Сондай-ақ, қостанайлық жастар қаладағы «Достық үйінің» алдында жиналып, тарихи күнді мерекеге айналдырды. 500-ге жуық белсенді жас қазақтың  «Қамажайынан» бастап, бірнеше ұлттың биін нақышына келтіріп орындады.

Осылайша орталық алаңға жиналған көпшілік көпұлтты еліміздің татулығы мен достығын дәріптеді. Жаңа сайланған Президенттің ел алдында ант қабылдап, өз міндетіне ресми кірісуі - Қазақстан халқы үшін үлкен мереке, дейді қалың бұқара.

Ринат Бектемиров, «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы:

Түр-түсіне, діни сеніміне, тілдік ерекшеліктеріне бөлінбей, біз өз елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Мен өз ұрпағымның келешегіне алаңдамаймын. Біздің тағдырымыз сенімді адамның қолында.

Қарағандыда да жас буын өкілдері ерекше көрініс ұйымдастырды. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Жастар» алаңына жиналған студенттер «Наш лидер» сөзін осылай құрап шықты. Олар Елбасының жастарға деген ықаласын жоғары бағалайтындарын жеткізді.

Айша Төлеген, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ студенті:

Н.Ә.Назарбаевтың әрі қарай ел бастауын қолдаймыз. Қазір жастар үшін барлық жағдай жасалған. Ары қарай бұдан да жақсы жағдай жасалатынына сенеміз.

Мерекеге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен аға буын өкілдері де қатысты. Олар бірауыздан «Елбасының жеңісі біздің де жеңісіміз» дейді. Болашақта Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге талай жетістікке жететіндеріне сенім артады.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, Заңғар САНАЙ, Айжан ҚУАШ