Жиған-тергенін
жасырын ұстайтын бай-бағландарға бар мүлкін жариялауға жыл соңына дейін мұрсат.
Ал келер жылы күшіне енетін жаңа заң ешкімді аямайды. 2016 жылдан
бастап жалпы халықтық декларация жүргізіледі. Бүгін Президент Нұрсұлтан
Назарбаев Үкіметтің алғашқы кеңейтілген жиынында отандық олигархтарға осылай
құлаққағыс жасады. Ал қайта сайланған Үкіметке 5 салалы реформаны іске асырудың
100 қадамын таныстырды. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.
Қайта тағайындалған Үкімет
мүшелері Ақордаға тайлы-тұяғымен түгел жиналды. «Сөзден – іске» деген президент
бұған дейін бірнеше рет таныстырылған 5 салалы реформаны бастайтын кез жеткенін
айтты. Жуық
арада іске асатын 100 қадам мына кітапшада топтасқан. Ауқымды реформа жалпы халықтың, биліктің психологиясын
өзгертуге бағытталады, - деді
президент. Соның бірі - келер жылдан
бастап қазақстандықтар әр тапқан тиыны үшін есеп береді. Бұл қарапайым халыққа
қиынға соға қоймас. Есесіне, жиған-тергенін офшорда
ұстайтын оллигархтарға тықыр таянды. Әзірге олардың табысын заңдастыруына
рұқсат. «Қандай
жолмен таптың»
деген тіміскі тексеру болмайды. Ал келер
жылы офшордағы ақша отанға оралмаса, кім-кімге болмасын оңайға соқпауы анық.
Нұрсұлтан
Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Енді
ешкімді еркіне жіберу болмайды. Біз қудалағымыз, қамағымыз келмейді. Бірақ
осыдан кейін қай жерде жасырынса да, тауып алып,
Астанаға қайтарамыз және ол жақта
сендерді ешкім аяп, сендер үшін ештеңені жасырмайды.
Ал,
мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төлеу жүйесі өзгереді. Табыс екі бөліктен
тұрады. Біріншісі - айлық табыс, содан соң оған бонус қосылады. Әрине, нәтижелі
іс тындырса ғана. «Әйтпесе, мемлекеттік қызметте де,
ұлттық компанияларда да масылдар аз емес», - деді Мемлекет
басшысы.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Біз
министрліктерді, агенттіктерді, комитеттерді қысқарттық, бірақ шенеуніктердің
саны қысқармай отыр. Қызық, иә. Батпайтын кеме дерсің, бізде солай, «Самұрық-Қазына»
қысқартып жатыр, қысқартып жатыр, бірақ ешкім кетпейді, барлығы сонда отыр,
осылай жұмыс істейміз, міне. Себебі басқа жақта мұндағыдай пайдасыз адамдар
отырмайды. Көп айттым, біреуі жұмыс істейді, қалғандары соның мойнына отырып
алады. Осы мәселені шешу қиын ба? Қолынан іс келетін 2-3 адам бар.
Кіршіксіз
құқықтық жүйені құру - реформадағы екінші мәселе. Президент астаналық
полицейлердің ұры-қарылармен ым-жымы бір болуы мүмкіндігін айтты. Бір апта
ішінде бір тұрғын үй кешенінде 8 бірдей пәтер тоналған. Бірақ қылмыс беті сол күйі ашылмапты. Сондықтан үкімет
пен әкімдік жанынан полицейлер қызметін бақылайтын, арыз-шағым қабылдайтын
кеңес құруды тапсырды.
Нұрсұлтан
Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Астананың орталығындағы «Жансая»
тұрғын үй кешенінде бір апта ішінде бір ғана кіреберісте сегіз пәтер тоналған. Ал ұрыны ешкім
таппайды. Бұл не деген полиция? Осындай жағдайда ұрлықтың полициямен бірге
жасалғаны туралы күдік те келеді.
Дегенмен,
халықтың да сақ болғаны керек. Әсіресе қаржылай келісімшарттарға келгенде.
Қазір бір
күндік компанияларға алданып, бар ақшасынан айырылып қалғандар шығында қит етсе,
үкіметтен өндіріп алғысы келеді. Нарықта тас түйін шарт болмаса, Президенттің өзі де, мәселен, Сыртқы
істер министрінен ештеңе өндіре алмайды.
Нұрсұлтан
Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен
Ерлан Ыдырысовқа қарызға ақша бердім, ол
маған қайтармады, мен кімге баруым керек? Мемлекетке ме? Ерлан үшін маған ақша
беріңдер – шамасы,
осылай болып тұр ғой. Мұндай еш жерде жоқ, тек бізде кеңестік психология,
біреудің есебінен күн көруге болмайды. Мемлекеттің басты міндеті - адам жұмыс
істеуі үшін жұмыс орнын беруге тырысу. Болды, қалғанын ол өзі жасауы тиіс.
Жиын
соңында Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелерін сөзге тартты. Бірігіп талқылайық,
ортаға ой тастаңдар деді. Министрлер қатарынын суырылып шыққандар байқалмады.
Амалсыз Президент пікірлерін жеке-жеке сұрастырды. Десе де, аса шешіліп сөйлей
қоймаған Үкімет
мүшелері Ақордадан
біраз тапсырманы арқалап тарқасты.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ