Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы мен ҚХА бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2016
  • 2534

Бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш біріктіру керек. "Нұр Отан" партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясы осы мақсатты алға қоя отырып, бірлескен жұмыс жоспарын бекітті. Бүгін тиісті құжатты партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Ассамблея төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов мақұлдады. Толығырақ тілші тарқатады. 

Елбасы алға қойған міндеттерді мінсіз атқару үшін, "Нұр Отан" мен Қазақстан халқы ассамблеясы ақылдаса жұмыс істеулері шарт. Партия төрағасының бірінші орынбасары осындай ойда. Бұл жұмыс орталық және жергілікті деңгейлерде де тиісті орындалуы керек деді. Қабылданған құжаттың негізгі мақсаты да осы, - дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясы әрқашан Елбасы саясатының басты бағыты саяси тұрақтылық, қоғамдық және ұлтаралық келісім мен береке-бірлікті қамтамасыз етуге бірлесе ат салысуы керек.

Тарихи сәтке бейнеконференция арқылы барлық өңірлік бөлімшелер куә болды. Арасынан сөз алған Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облысының өкілдері бұл бастаманы қос ұйымның барлық мүшелері бірауыздан қолдайтынын және іске асыру үшін атсалысатынын жеткізді. Ал, Ералы Тоғжанов, Тәуелсіздіктің 25-жылдығын атап өтер кезде екі бірдей беделді қоғамдық ұйымның мүмкіндіктерін біріктіріп отырғанына, тоқталды.

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:

«Нұр Отан» партиясы - бүгінде ең жетекші партиямыздың бірі. Олай болатын болса, жалпы және бірі де және бірегейі де деп айтуға толықтай негіз бар. Сондықтан негізгі партиямен тығыз жұмыс жасаймыз.

Жоспарда жұмыс бағыттары қамтылған. Құжатта «Қазақстан-2050» стратегиясын тиімді жүзеге асыру, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Нұрлы жол» бағдарламасын ілгерілету қарастырылған. Жиынға қатысқан қос ұйым бұл жобаларды бірлесіп жүзеге асырмақ.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Екпін беріп айтайын дегенім, облыстағы әріптестерімізден де өтінетінім, сұрайтыным, құжаттарымыз жеткілікті. Президенттің 5 институционалдық реформасы бар. Ал, соның ішінде Ассамблея қабылдаған патриоттық акт «Мәңгілік Ел» актысын насихаттауға мейлінше жастарды, халықты қосуымыз керек.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламентіндегі ҚХА депутаттық тобының жетекшісі:

«Нұр Отан» партиясымен ассамблеяның бірлесіп атқаратын жұмысы елдегі бірлікке, тыныштыққа, қоғамдық келісімге жұмыс істейтіндігі анық. Біз өз тарапымыздан, ҚХА топтың жетекшісі ретінде «Мәңгілік Ел» патриоттық актысын насихаттау үшін біраз жұмыс атқарамыз деп сенемін.

Бірлескен іс-шаралар жоспары жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтыған.

Берік ХАСЕНОВ