Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен Бахрейн шейхы келді

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2014
  • 1917

Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен Бахрейн шейхы келді. Сапар үш күнге жалғасады. Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Король Хамад бен Иса әл-Халиф өзара келіссөз жүргізді. Бұған қоса шағын және кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық, саяси, инвестициялық, индустрия және өзге де салалар бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мұнайлы ел экономикасының Қазақстанға ұқсас тұстары көп. Екі ел де тәуелсіздік мерекесін бір күнде тойлайды екен. Мөлдір Бақытқызы тарқатады. 

Бахрейн королі Хамад бен Иса әл-Халиф Астанаға күні кеше табан тіреді. Бахрейн - Парсы шығанағындағы ең кіші мемлекеттердің бірі. Жер аумағы Астананың территориясымен пара пар. 710 шаршы шақырымды құрайды. Халық саны бір миллионнан асады. Шейхпен бірге Қазақстанға екі жүзден астам ресми делегация және іскер топтар өкілдері келді. Мәртебелі меймандарды әуежайдан қарсы алу рәсімі вице-премьер Әсет Исекешовке тапсырылыпты.

Бахреиннің аумағы азғантай болғанымен экономикалық жетістіктері жеткілікті. Десе де қазір қос ел арасындағы тауар айналымы небәрі 1,5 миллион долларды құрайды. Осы іссапар нәтижесінде экономикалық байланыс жаңа белеске шығады деп күтіледі.

Тараптар мемлекет басшыларын тағатсызданы күтіп тұр. Қазақстандық құрамға қарап Бахрейнмен қай салаларда байланыс орнайтынын аңғару қиын емес. Король алдымен осы сала жетекшілерімен қол алысты. Қонақтар қатарында өнеркәсіп және сауда министрі доктор Хасан Фахродан өзгесі ұлттық киімде. Салтанатты рәсім аяқталған соң, алыс-беріс болатын басым бағыттар белгіленді. Сонымен Бахрейн қазақтың азық-түлік өнеркәсібі, астық, ет өнімдерін тұтынуға ниетті.

Ал Қазақстан араб елінен алюминий кластерін құруды үйренбек. Корольдік жылына 800 мың тонна таза алюминий өндіреді. Бізде бұл көрсетікіш 250 мың тонна. Енді оны 500 мыңға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Осы мақсатта Павлодарда жеңіл металл өңдейтін арнайы аймақ құрылмақ. Мемлекет басшысы бұл жобаға Бахрейн тарапын қатысуға шақырды. Ал Бахрейннің астанасы Манама Таяу Шығыстағы оффшорлы аймақ.

Ислам қаржы жүйесінің орталығы болып есептеледі. Онда жүздеген институт жұмыс істейді. Ислам банкингін ТМД-да дамыту үшін, аймақтық ХАБ құруды жоспарлап жүрген Қазақстан үшін, бұл салада тәжірибе қажет-ақ. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тараптар Қазақстанда Ислам банкингі жүйесін дамытуға ниетті. Бізді исламдық қаржыландыру орталығының бірі саналатын Бахрейннің тәжірибесі қызықтарады. 

Бұдан бөлек инвестициялық қор құру мақсатында қос елдің ұлттық компаниялары келісімге келді. Әрі туризмге серпін беру қолға алынбақ. Король Хамад бен Иса әл-Халиф қазақстандықтарға визаны әуежайда рәсімдеуге жағдай жасап, тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігін де айтты. Ал Қазақстан Президенті ынтымақтастық туралы алғаш рет 1997 жылы Бахрейнге сапары барысында корольдің әкесімен келіссөз өткізген.

Хамад бен Иса әл-Халиф, Бахрейн королі:

Бүгін біз өзіміздің бауырларымыздың ортасында Қазақстанда болғанымызға бақыттымыз, қуаныштымыз. Сіздерге Бахрейн халқының ыстық сәлемін жеткіземін. Жоғары мәртебелі президент мырзаға шексіз алғысымызды білдереміз. Қазақстанға ресми сапармен келуге жолдаған шақыртуы үшін. 

Қазба байлығы сарқыла бастаған королдық қазір экономикасын әртараптандурыға ден қойып отыр. Жиырмасыншы ғасырдың басынан бері қара алтын өндіре бастаған бодан ел 1971 жылы Ұлыбританиядан азаттық алған. Ең қызығы және басты ұқсастық - Бахреиннің де, біздің елдің тәуелсіздік алған күні - он алтыншы желтоқсан.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ