Русский Сайттың толық нұсқасы

«Тұлым мен бұрым»

  • AstanaTV
  • 19 желтоқсан 2015
  • 8859

ХІХ ғасырың соңы мен  мен  ХХ ғасырдың басында саяхатшылар түсірген фотосуреттер халқымыздың шаш қою сәнінің керемет болғанын документальді  дәлелдейді. Қазір «батыстан келді» деп жүрген сән үлгілері бір ғасыр бұрынғы қазақ қыздарының шаш үлгілерінен айнымайды. Демек, сәнді шашты өзіміздің бабаларымыз да қойған. Біздің ұмытқанымыз болмаса. Ата-әжелеріміз қойған сән үлгісін білмейтін біз де «модныймыз-ау»... 

Айгүл Ермаханның танымдық-этнографиялық материалы.

Ұлттық дәстүрдің  біразының бүгінде ұмыт болып бара жатқаны рас.  Ал, кейбірі керісінше, заман ағымына сай  жаңарып , тіпті сәнге айналып,  жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Халқымыздың сондай ұмытылмай келе жатқан дәстүрлі мәдениетінің бірі -  шаш қою үлгісі. Ерте кезде қазақтың көшпелі қоғамында адам шашы ерекше қастерленгендіктен, ер балаға шаш қоюдың да, қыз баланың шашын өсірудің де өзіндік қағидалары болған. Сол ғұрыптық мәдениетіміз кеңестік дәуір саясатының астында көміліп жатып, қазақтың бүгінгі жаңа қоғамында балалардың бойында өзіндік жарасымын тауып, тіптен сәнге айналып келе жатыр десек, артық айтқандық емес.

 Сөзімізге дәлел болсын... Алматы облысы, Райымбек ауылының тумасы 3 жасар Бекболат Бегімбеттің шаш үлгісі  ескі дәстүрді еріксіз көз алдыңа әкеледі. «Айдарлы бала  айбарлы бала» деген қағиданы ұстанған отбасы немересін қырқынан шығарысымен төбесіне айдар, маңдайына кекіл, желкесінен тұлым қалдырыпты.  Айдар мен тұлым  жас өскінді тіл мен көзден сақтаса, кекіл сүйкіміне сүйкім қосады. 

Төлеу Камал, Алматы облысының тұрғыны:

Негізгі ырым сол анау баланы тіл көзден сақтау, сұқ тимеу үшін қойылады. Біз сол үшін қойдық.  Балаға тұлымды қырқынан бастап қояды 5 жасқа келгенде сүндеттердің алдында алады.  

Енді бірі жалғыз баланың «соңынан іні-қарындастары ілессін»- деген мақсатпен ұлдарының желкесінен тұлым қалдырады.

Тимур Елеулов, Алматы қаласының тұрғыны:

Құдай енді әлі берер әзірге жалғыз бала сондықтан бір бала болғандықтан елдің көзі, сөзі тимесін еп ырымшылап қалдырдық. Кедергі мектепте болған емес. Қазақ болғаннан кейін салт - дәстүрімізге лайықты болуымыз керек. 

ХІХ ғасырың соңы мен  мен  ХХ ғасырдың басында саяхатшылар түсірген фотосуреттер халқымыздың шаш қою сәні болғанын дәлелдейді. Жуырда бірсыпырасын әлеуметтік желіде Серікбол Хасан есімді азамат жариялады. Қазір «батыстан келді» деп жүрген сән үлгілері бір ғасыр бұрынғы қазақ қыздарының шаш үлгілерінен айнымайды. Демек, сәнді шашты өзіміздің бабаларымыз да қойған. Біздің ұмытқанымыз болмаса. 

Тәттігүл  Қартаева, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф:

Көп өрім қылып өру қазақта «қырық бұрым» деген сөз бар. Ол жаңағы шашы 40 өрім дегенді білдірмейді көп бұрым өретін болса оны солай атайтын болған. Жалпы көп бұрымды қыздардың суреті Қазақстанның оңтүстігі мен Арал, Каспий аралығынан түсірілген суреттерде өте көп. Осыған қарағанда біз ойлаймыз жалпы мынау көп бұрым  қылып өру  көрші халықтармен этно- мәдени байланыстың да әсері болуы мүмкін. Өзбек, түрікмендермен шекаралас аймақта.

Ал, мына суретте киіз үйлер қаз-қатар тігілген. Табалдырық маңдайшасына ілінген тақтайшада арабша жазылған жазбаны байқадық. Төменгі жағында қайшының суреті салынған. Бұған қарап, шаштараз болуы керек деп тұспалдадық. Ескі сурет 1895 жылға тиесілі. Демек, ерте кезде қазақ даласында шаштараз болды ма деген орынды сауал туындайды?

Тәттігүл  Қартаева, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф:

Байырғы қазақ ауылында ХХ ғасырға дейін дәстүрлі ауылда арнайы шаштараз болған деп айта алмаймын. Отырықшы қалалық жерлерде Керуен сарайлар болды... өркениетті отырықшы қалаларда сән үйлер болды. Онда шаштараз болмады деп айту мүмкін емес...Шаш алу ер адамдарда үрдіс болған арнайы бәкісі болған.

Этнограф маманың пайымынша, қазақ қыздарының шаш үлгілері нақты қай уақытта қалыптасқанын дөп басып айту қиын. Әйтсе де шаштың сәні қола дәуірінен көбірек байқалады. Олай дейтініміз дәл осы қола кезеңінде жерлеу рәсімі қолға алынды.Сол тұста әйел баласы жерленген мүрдеден шашқа тағатын зергерлік бұйымдар табылып отырған. Бүгінге жеткен шолпылардың салмағының 6 келіге дейін барғанына қарағанда қазақ қыздарының бұрымдары білектей болғандығы аңғарылады. Ауыр шолпыдан шалқайып қалмау үшін мойындарына өңіржек таққан. Сонда тепе  теңдік сақталып, қазіргі сән үлгілерін көрсететін қыздардай өздерін тік ұстап жүретін болған. 

Қазір мамандар мына көне суреттегідей менің шашымнан көп бұрым жасап жатыр. Менің шашым енді қырық бұрымға жете қоймас.  Дегенмен ұқсатуға тырысуда. Ол кездері көп бұрымды өрген әпкелеріміз әдемі бөрік киіп, өңін ажарландырған. Ал, біз қазіргі жаһандану заманында бөрікті күнделікті киіп жүре алмаймыз. Сондықтан заман талабына сай қалпағымызды киеміз. Қарап тұрсаңыз жарасымды. Демек осылай өріп, қазір сән нарығына еніп алған баленбай теңгелік «африкалық өрімді» алмастыруға болады.

Қырық бұрым жасамаса да , әу бастан эстетикалық талғамы жоғары қазақ қыздарының шаш өрімдерін түрлендіріп өріп, көркіне сай етіп сәндеп жүрген арулар жетерлік. Әсіресе, бұл қазақи қаймағы бұзылмаған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бойжеткендеріне тән. Дәстүр сабақтастығын көрсетіп жүрген сұлуларды сөзге тарттық.

Тұрсынай Қабыл, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 3 курс студенті:

Қазір шаш өрудің түрлері көп ғой.  Сол өрімдерді қайталаса қыздардың көркіне көрік қосады деген ойдамын. Өрген кезде жайып жүргеннен жинақы жүресің. Өзіңе деген сенміділік, әдемілігіңді мойындата түседі деген ойдамын.

Қазір  ел сәнқойларының арасында түп негіздегі салт  дәстүрді сақтауға тырысып бағатындар бар. Балнұр Қуантай - солардың бірі. Айтуынша, қазір әншілер мен теледидар жүргізушілері мынадай шаш үлгілерін ұнататын көрінеді. Мысалы, кезінде бойжеткендер бөрік пен тақияны өрген шашына жарастыра киген. Ал, аналарымыз кимешек әдемі киілу үшін шаштарын төбесіне бірнеше орап, биік етіп түйген. Қазір шаш өрімдері мен шаш түюді сан алуан етіп жасауға болады.

Балнұр Қуантай, шаш сәнгері:

Бұрынғы кезде әжелеріміз түскен шаштарды, өздері киған шаштарды жинап алып, қазір оны  валик деп атайды,  кезінде валик сияқты тігіп шашқа дулька жасап тағатын болған...Қазір әйелдердің 30-40 пайызы шаштарын қиған кезде  сұрап алып кетіп жатады қоқысқа тастамаңдар деп.

Иә, адамдар қиған шашын қоқысқа тастамай, талына дейін теріп,  алып кетіп жүрсе, баяғы әдет-ғұрыптың ұмытылмағаны. Ғалымдардың көп жылғы зерттеулеріне қарасақ, ата-бабаларымыз  шашқа тек сән үшін қарамаған. Оның киесі бар деп есептеп, шашқа сақ қарауды үндеген.

Әбдімәлік Нысанбаев, академик:

Қазақ шашты далада тастамайды. Шаш алғанда шаш жерге түссе соны алып көмеді. Егер шашты құс алып ұя салса, адам бас ауруға шалдығады. Тырнақ пен шаш бейсенбі-жұма күндері  алынуы тиіс. Түнде  тырнақ пен шашты алмайды. Себебі адамның жаны түрде тырнақтың ұшы  ілініп тұрады, ал түнде шаш алу бас алғанмен бірдей деп жорамалданады. Ал, өлген адамды жоқтап жылағанда,  әйел шашын жайып жіберсе, ішіндегі шері тарқайды дейді. 

Кезінде ұл сүндетке отырғызылғанда немесе  бір мүшелге толғанда айдарын алып тастаған. Өсе келе ер жетіп атқа мініп, жауға шапқанда  жасаған әрекетін айқындап, ерекшелеп көрсету үшін айдарды қайта қойған екен. Қазірде бұл шаш үлгісі жастардың арасында көп кездеседі. Әсіресе өнерлі азаматтар сахнаға шыққанда өзгелерден ерекшеленгісі келеді ме,  не болмаса дәстүрге құрметпен қарағандықтан ба, әйтеуір сырттан қарағандарды таңырқатып, әрі тамсандырып жүр. Сән өз жөнімен, бастысы олар сан алуан шаш үлгілерінің тарихы батыстан емес, бабалардан бастау алатынын білсе, соны насихаттаса деген ниет ғана біздікі...

Айгүл Ермахан, «Біздің уақыт»