Қазақстан мен Орта Азия - «үлкен
ойындағы» қолжаулық емес, тәжірибелі саяси ойыншы. Сыртқы істер министрі Ерлан
Ыдырысов журналистерге берген баспасөз отырысында осылай деді. Айтуынша,
Қазақстан мұндай тұжырымдамадан түбегейлі бас тартады. "Біздің концепция барлық
елдердің мүддесін көздейді", - деп қосты.
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер
министрі:
Әлемнің кейбір сарапшылары
жоғары деңгейдегі делегациялардың барыс-келісін қате топшылап, біздің өңірде «үлкен ойындардың» туындағанын
айтып жатады. Қытай, Ресей, Түркия,
Үндістан, Жапония, АҚШ, Еуропа көшбасшыларының бізге ресми сапарлары оларда
«үлкен ойын» туралы ой туындатты. Менің айтайын дегенім, Қазақстан мұндай
концепциядан түбейгейлі бас тартады. Қазақстан да, Орталық Азия да - мардымды
ойыншылар. Қазақстан Орта Азияны ынтымақтастықтың, өзар іс-қимыл мен сенімнің
үлкен алаңы ретінде қарастырады.
Сондай-ақ министр Ресей мен
Түркия арасындағы экономикалық шектеулерінің ел экономикасына кері әсер еткенін
мәлімдеді. Түркиядан елге бет алған қазақстандық кәсіпкерлер тауары Ресей
шекарасында бірнеше күнге тоқтатылып, кейін тауар құны артқан болатын.
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер
министрі:
Бұл Ресей мен Түркия арасындағы
саяси дағдарыстан туындап отырған мəселе. Біздің бұған қатысымыз жоқ. Оған қоса, бұл біздің жүрегімізге ауыр
тигені рас. Себебі Ресей - біздің жақын одақтасымыз. Ал Түркия - маңызды
стратегиялық серіктесіміз, қандас бауыр десек те болады.
Сондай-ақ, Ерлан Ыдырысов
экономикалық дағдарыс өзі басқарып отырған ведомствоны да айналып өтпегенін
тілге тиек етті. Бюджет шығындарын айтарлықтай қысқартуға тура келген. Қазір
министрлік пен жер-жердегі елшіліктерде қызметкерлер қабылдауға мораторий жарияланған.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА