Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысының әкімі аймақтағы жағдаймен бөлісті

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2015
  • 1247

Қара алтын құнының құлдырауынан Атырау облысында 606 мұнайшы жұмыссыз қалды. Бұл - 35 кәсіпорыннан қысқартылғандар саны. Мұны Орталық коммуникациялық қызметінде журналистерге сұхбат берген мұнайлы өңірдің əкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мəлім етті.

Мұндай қысқартулар тағы да болуы мүмкін бе деген сұраққа аймақ басшысы, ол мұнай бағасына байланысты деп, жауап қатты. Мұнайлы өлкедегі экономикалық жағдай тұрақты болуы үшін, қала алтын құны 35 доллардан төмендемеуі тиіс екен. Дегенмен әкім, аймақта жұмыссыздық белең алмас үшін, жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

Бақтықожа Ізмұхамбетов,  Атырау облысының əкімі: 

Барлық орта және ірі кәсіпорындармен 115 мыңнан астам жұмыс орнын сақтау жөнінде меморандум жасақталған. Биылғы жылы облыста 15 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі қазір 5 пайыз төңірегінде. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2 пайыз, республикадағы көрсеткіштен екі есе төмен.

Келер жылдан бастап аймақта тарифтер бағасы біршама қымбаттамақ. Жылу ақысы 6 пайызға артады. Жол жүру ақысы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін көтерілмекші. Бірақ, әдеттегідей, оқушылар мен қарттар тегін жүреді.Судың құны жеке тұлғалар үшін 68 теңгеден 101 теңгеге, заңды тұлғалар үшін 190 теңгеден 316 теңгеге қымбаттаған. Десек те, облыс әкімі тарифтардың қымбаттауы азық-түлік бағасына еш әсер етпейді деп отыр.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының əкімі: 

Біз бірде-бір жұмыртқа шығарған жоқпыз, бәрін Астраханнан тасып алып отырдық. Бір де бір килограмм картоп шығарған жоқпыз, Павлодардан, тіпті 2012 жылы Пәкістаннан тасып жеп отырдық. Айта берсек, осындай тамақтың түрлері барлық сырттан келуші еді. Қазіргі кезде сол айтып отырған тамақтардың көбімен өзіміз толықтай қамтамасыз еттік. Кейбірін көршілерімізге сатып жатырмыз. Сондықтан тамақтың бағасында бізде қазір проблема жоқ. 

Берік ХАСЕНОВ