Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияда өтіп жатқан «Үлкен жиырмалық» саммиті әлемге қауіп төндірген лаңкестікті талқылады

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2015
  • 1437

Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан «Үлкен жиырмалық» саммиті Париждегі терактіде қаза болғандарды еске алумен басталды. «Белек» демалыс аймағында өтіп жатқан шараға 18 елдің басшысы мен үкімет жетекшілерінен бастап 60 мыңға жуық делегат келген. Саммитке қатысушылардың қауіпсіздігін сақтауға 12 мың полиция жауапты. Тіпті Франция астанасындағы жарылыстан соң қосымша тәртіп сақшылары жұмылдырылған. Самат Сүлей баяндайды.

Әдетте экономика тақырыбын талқыға салатын тараптар бұл жолы халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күресті сөз етті. Таяу Шығыс пен Африка және Азия елдерінен Еуропаға бас сауғалаған босқындар мәселесін қарастырды. Өйткені Сирия мен Ирактағы лаңкестердің күшеюі үлкен проблемаға айналып отыр. Сондықтан терроризммен күресу үшін бізге бірлік керек, - деді түрік басшысы Режеп Тайып Ердоған.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

«Үлкен жиырмалық» экономикадан бөлек саясат, қауіпсіздік және энергетика тақырыптарын қарастыруда. Жер жаһандағы оқиғалар осыны талап етеді. Ал, ең бірінші шешімін табуы тиіс өзекті проблема Сириядағы қантөгісті тоқтатып, бейбіт халықтың тыныш өмір сүруіне жол ашуымыз керек. Сонымен қатар, дүниежүзілік қаржы дағдарысының алдын алу. Себебі біз экономикасы дамыған елдер бола тұра, 2008 жылғы әлемдік дағдарысқа тап болдық. 

Париждегі қанды оқиғаны АҚШ президенті Барак Обама: "Тек Францияға ғана емес, адамзат баласына қарсы жасалған жауыздық", - деп бағалады. Сондай-ақ ол, Сирия мен Ирактағы лаңкестердің Еуропаға қарай жақындауы қауіпті, екенін ескертті.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Сирия мен Ирактағы лаңкестер алдымен Түркияда, сосын Францияда қаншама бейбіт тұрғындардың өмірін қиды. АҚШ үкіметі бұл лаңкестермен күресу үшін барлық жағынан қолдау көрсетуге дайын. ДАИШ - қазір дүниежүзіндегі ең үлкен террорлық ұйым. Онымен күресу үшін тек АҚШ немесе Түркия болып емес, барлық елдер күш біріктіруі керек. Кешегі Венада өткен сыртқы істер министрінің кездесуінен де үлкен нәтиже күтеміз.

Саммитте кеңінен талқыланған тақырыптар қатарында дүниежүлік қаржы ахуалын реттеп, дағдарыстың алдын алу жолдары және жаһандағы климаттық өзгеріс мәселесі қарастырылды. Ал, Сириядағы қантөгісті тоқтату үшін, уақытша үкімет құрылып, бір жарым жыл ішінде сайлау өтуі тиіс деген  ұсыныс қолдау тапты.

Джон Киртон, Торонто университетінің профессоры /Канада/:
 

Терроризммен күрес - уақыт күттірмейтін өзекті проблема. Күн өткен сайын лаңкестердің шабуылы өршіп барады. Мәселен, Франциядағы қайғылы оқиға осының дәлелі. Сондықтан  «үлкен жиырмалықтың» осы отырысында терроризмге қатысты нақты шешімдер қабылданады деп ойлаймыз.  

Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:

Өкінішке орай, соңғы жылдары адам сенгісіз қылмыстарға куә болдық. Әлемнің бірнеше елінде ұйымдастырылған терактіден мыңдаған тұрғын көз жұмды. Қаншама адам отбасынан айырылып, босқын атанды. Мәселен, Ливия мен Түркияда 4 миллионнан астам сириялық бас сауғалап жүр. Осы мәселеге қатысты жақын күндері БҰҰ мүше елдер қауіпсіздік құжаттарын қайта қарайтын болады. Өйткені ұйымдағы қауіпсіздік кеңесінің жүйесі жиырма жылдан бері жаңартылмаған.

Бірккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун саммитке қатысқан 3 мыңға жуық  бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берді. Ол өз сөзінде Сириядағы қантөгісті тоқтатып, лаңкестердің көзін жойғанда ғана, жер бетінде тұрақтылық орнап, босқындар мәселесі шешімін таппақ,- деді.

Самат Сүлей, тілші:

Анадолы жерінде алғаш рет ұйымдастырылған «үлкен жиырмалықтың» жиыны екі күнге жоспарланды. Мемлекет басшылары саммиттің жалпы отырысынан бөлек екі жақты кездесулерге қатыспақ. Сондай-ақ, АҚШ пен Ресей президентінің дәлізде жарты сағат сөйлесуі секілді көпшілік күтпеген бірнеше жүздесулер болды. Биыл Түркияның төрағалымен өткен бұл жиын келер жылы Қытайда ұйымдастырылмақ.

Самат СҮЛЕЙ