Русский Сайттың толық нұсқасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Министрліктер әзірлейтін заң жобаларының мазмұндық жағына тиісті назар аудармай, асығыс дайындайды

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2015
  • 1389

Ыңғайсыз әңгіме. Сенатор Бірғаным Әйтімова дипломатиялық қызметтегі шағын топтың зейнетақымен қамсыздандырылуына көңілі толмайды. Небары 1250 адамды құрайтын топқа ең төменгі базалық зейнетақы есептелетінін алға тартқан депутат, дипломатиялық қызметкерлердің еңбегі әлемдік тәжірибе бойынша ерекше өтелуі тиіс, дейді.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депуаты:

Мысалы, менің пенсиямды есептегенде, пенсия туралы айтуға да ыңғайсыз сияқты, бірақ та енді шындықты айту керек. Тек қана 0,25 пайыз қазақстандық ақшамнан есептелді. Енді арасында басқа жұмыстарға байланысты менің пенсиям әйтеуір ортаңғы деңгейде болып шықты. Ал, егер де мен бүкіл өмір бойы дипломатияда жұмыс істесем, онда менің пенсиям тіпті ең төменгі пенсияға теңеледі бүгінгі таңдағы есеп бойынша.

Бірғаным Әйтімова дипломат жарларының соңынан шетел асатын азаматтарға да ең төменгі базалық зейнетақы тағайындалуына қарсы. Мысал ретінде, он жылдан астам сырттағы қызметі үшін, жолдасына он жыл ғана еңбек өтілі есептеліп, төмен зейнетақы белгіленгенін айтып, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министріне қолқа салды.

Ал Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары палатаға келетін заң жобаларына көңілі толмайды. Төраға заң құжатына жауапты министрліктер жұмысқа атүсті қарайды деп сын айтты. Сенат депутаттары өткен жылдың 1 қыркүйегінен бері 113 заң жобасын қабылдапты. Төраға үкіметті жаңа жұмыс маусымында Қазақстанның ДСҰ-ға енуіне қатысты қаралатын жаңа заң құжаттарында ұқыптырақ болуға үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қабылданатын заң жобаларының сапасы әлі де өзекті болып қалуда. Кейде министрліктер заңдардың мазмұндық жағына тиісті назар аудармай, асығыс дайындап жатады. Мүмкіндікті пайдалана отырып, үкіметтің назарын осы мәселеге аударғым келеді. Себебі мұндай жағдайлар заңнамадағы қайшылықтарға алып келетіні сөзсіз. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ