Русский Сайттың толық нұсқасы

Жанат Жақиянов чемпиондық белбеуді иеленді

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2015
  • 1137

Футболдан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Соңғы турда «Ақтөбе» командасын қабылдаған «Астана» клубы 1-0 есебімен жеңіске жетіп, қатарынан екінші рет "Жыл чемпионы" атағын иеленді. Күміс жүлде Алматының «Қайрат» клубына бұйырса, қола медаль «Ақтөбе» командасының еншісінде. Спорттағы өзге де ақапараттар жайлы Самат Қанағатов тарқатады. 

Қазақстандық былғары қолғап шебері Жанат Жақиянов бүкіләлемдік бокс қауымдастығының тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белбеуді иеленді. Бұл атақты жерлесіміз Монакода өткен кәсіпқой бокс кешінде Венесуэла спортшысы Йонфрез Пареходан тартып алды. 12 раундтан тұратын кездесу барысында екі спортшы да аянып қалмады. Дегенмен, қарсыласына қарағанда ширақ қимылдап, тура соққылармен ерекшеленген Жанат Жақиянов төрешілер шешімі бойынша жеңімпаз деп танылды. Бұл отандасымыздың спорт карьерасындағы 26-шы жеңісі.

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген Қанат Ислам да жанкүйерлер сенімін ақтады. АҚШ-та өткен жекпе-жекте отандасымыз Доминикан Республикасынан келген Джонатан Батистамен қолғап түйістірді.

Бірінші раундта Қанаттың жойқын соққысына тап болған Батиста өз-өзіне келе алмады. Доминикандық спортшының жекпе-жекті жалғастыра алмайтынына көзі жеткен төреші кездесуді тоқтатты. Бұл Қанат Исламның кәсіпқой бокстағы қатарынан 20-шы жеңісі. Оның 17-де жерлесіміз қарсыластарын нокаутпен құлатқан еді. 

Самат ҚАНАҒАТОВ