Русский Сайттың толық нұсқасы

Тур де Франс додасында қазақстандықтар бақ сынауда

  • AstanaTV
  • 24 шілде 2015
  • 1399

Қазақстандық «Астана» велокомандасы «Тур де Франс» көпкүндігінің кезекті кезеңінде бақ сынауда. Веложарысты біздің тілшілерімізде қалт жібермеуге тырысып, «Астана» командасына жанкүйерлік танытып жүр. Көпкүндік веложарыс жайлы әріптесім Берік Хасеновтың репортажы. 

Гапа қаласында бастау алған жарыстың он сегізінші кезеңі астаналық велошабандоздар үшін сәтсіз өтті. Жалпы жарыс жолының ұзындығы 186 шақырымды құрады. Қазақстандық команданың спортшылары жүлделі орынды иеленуге мүмкіндіктері болғанымен, барлығына келеңсіз жағдайлар кедергі болды. Мәре сызығына 40 шақырым қалғанда, даниялық велошабандоз Якуб Фульсангды мотоцикл қағып кетті. Салдарынан спортшының оң жақ шынтағы мен жамбасы жараланған. Оқыс оқиғаға дейін ол алдыңғы үштікте келе жатқан еді.

Александр Винокуров, «Astana Proteam» бас менеджері:

Қазіргі күні біздің басты мақсат - келесі кезеңді бағындыру. Соңғы үш күн қалды. Команда бар күшін салып күресіп жатыр. Бірақ оларға оңайға соқпай отыр. Дегенмен біз үмітімізді үзбейміз.

«Астана» велокомандасы Тур де Франс жарыстарында жүлделі орындарды бағындырмады. Бірақ, бұл жанкүйерлерге кедергі емес.

Қазақстандық команданың шетелде де мыңдаған жанкүйері табылған. Олар өздерінің сүйікті спортшыларын жақыннан көру үшін, командаға тиесілі автобустың жанында сағаттап тұруға дайын. Мысалы, мына әжей 93 жаста. Ол Винченцо Нибалидің қолтаңбасын алу үшін бір жарым сағат табжылмай күтіп, арманына жетті.

Тартысқа толы Тур де Франс додасы әлі жалғасуда. Көпкүндік веложарыстың соңы - Париждағы мәре сығына жету үшін, әлі екі ең қиын таулы кезеңді спортшылар бағындыруы қажет. «Астана» командасы жүлделі орындарға қол жеткізе ме, оны алдағы кезеңдерде бақылайтын боламыз.

Берік ХАСЕНОВ