Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан шикізаттық тәуелділіктен арылмақ

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2015
  • 2488

Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанның ұйымға кіру үдерісі барысындағы Президенттің көшбасшылығына жоғары баға берді.

Еске салайық, кеше Швейцарияның Женева қаласында Нұрсұлтан Назарбаев 19 жылдан астам уақытқа созылған келіссөздерден кейін Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы жөніндегі хаттамаларға қол қойды. 

Елбасы атап өткендей, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздер өткен аралықта Қазақстан экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгерді. «Экономика мейлінше қуатты әрі ашық бола түсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 18 есе ұлғайып, Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне жетті», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның сауда байланыстары 90-шы жылдардың ортасында бұрынғы Кеңес Одағы елдерімен ғана жүргізілсе, бүгінде әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттық жасап отырғанын тілге тиек етті. Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастыра беретінін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан минералдық ресурстарға бай, біз шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін, экономика құрылымын өзгертуге ниеттіміз. Бүгінде еліміздегі Ішкі жалпы өнімнің 54 пайызын қызмет көрсету секторы қамтамасыз етеді, бұл саланың дамуына зор көңіл бөліп отырмыз. Бұлар - қаржы, телекоммуникация, құрылыс, энергетика және көлік салалары. Қаржылық қызметтерді Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында ырықтандыру «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру үдерісімен қатар жүретін болады. Ол Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының негізіне, ал кейіннен бүкіл өңірдің қаржылық хабына айналады, деп сенеміз. Қазақстан барлық елдерді осы жобаға қатысуға шақырады.

Берік ХАСЕНОВ