Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысындағы егіннің біршама бөлігі сарғая бастады

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2015
  • 1399

Солтүстік Қазақстан облысында егіннің біршама бөлігі сарғайып, септориоз ауруына шалдыққаны белгілі болды. Бұл жайында арнамызға аумақтық инспекция өкілдері хабарлады. 

Теріскейлік диқандар биыл 4 млн 300 мың гектар жерге дән еккен болатын. Ауыл шаруашылығы мамандары таяуда егін алқаптарында зерттеу жұмыстарын бастады. Осы уақытқа дейін 1 миллион 300 мың гектардан астам алқап тексерістен өтіп, оның жартысына жуығы сарғайып кеткені белгілі болды. Олқылықты жою үшін өңірде астықты өңдеу шаралары қолға алынған. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 837 миллион теңге бөлініпті. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, бұл қаржы 480 мың гектар жерге дәрі шашуға жетеді. Ал қалған аумақты шаруалар өздері өңдемек.

Айта кету керек, дәл осындай жағдай былтыр да қайталанған. Толасыз жауған жаңбырдың салдарынан суға толған дәнді дақылдар алқабына шіріп кету қауіпі төнген еді.

Владимир Отрадных, ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті СҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

Осы күнге дейін алқаптардың 45 пайызы өндеуден өтті. Ал диқандар дәріні 244 мың гектарға сепкен. Негізі дәрі тапшылығы байқалмайды. Бұл проблемаға назар аударған жөн. Себебі мәселеге селқос қараған кәсіпкерлер өз егінінің шамамен 40-70 пайызын ысырап етуі мүмкін.

Абзал ҚҰРМАНКИН