Русский Сайттың толық нұсқасы

Берекелі ғұмыр кешіп келе жатқан Орынбаевтардың ғибаратты өмірі - көпке үлгі-өнеге

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2015
  • 3041

Осыдан тура елу бес жыл бұрын отау көтерген Сейітхан Орынбаевтың шаңырағы бүгінде Қызылорда өңіріндегі өнегелі отбасы ретінде көпке сыйлы. Оларды жергілікті халық «білімділер жанұясы» деп атап кеткен. Өйткені бұл отбасында қариялардан бастап немерелеріне дейін жоғарғы оқу орнында білім алған. Орынбаевтардың шаңырағында болған әріптесім Шарипа Сақтапова «отбасы» деген қасиетті ұғымның қыр-сырына үңіліп қайтты. 

Шаңырақтың қазынасы болып отырған Сейітхан ақсақал мен зайыбы Мырзакүл бар ғұмырын балаларды оқытуға, оларға дұрыс тәрбие беруге арнапты. Ерлі- зайыптылар жастайынан бірі мектепте физикадан, енді бірі математикадан сабақ берген. Олар әрдайым «ұстаздар отбасы» деген қасиетті ұғымды жоғары қойып келеді. Әулеттің басты құндылығы - сыйластық пен ауызбіршілік екенін айтудан жалығар емес.

Майра Сейітханқызы:

Әке-шешеміз бір өйт-сөйт деп, басып немесе ұрысып айтқан жоқ, өздерінің еңбегімен, жасаған қызметімен тәрбиеледі, істеген істерімен дәлелдеп, кішкентай кезімізден папамыздың ия мамамыздың даусын көтергенін естіген емеспіз.

Ерік Қылышбаев:

Көп отбасын көріп жүрміз, ұлдар-қыздары бір-бірімен айтысып жатады. Ондайдан, Құдайға шүкір, адамыз. Өте тату-тәтті тұрып жатырмыз.

Қариялар тарихтан да құр алақан емес екен. Отағасы Қоқан хандығына қарсы тұрған батырлардың тарихын зерттеп, арнайы кітап етіп жарыққа шығарған. Қария бұл іске балаларының көмектескенін мақтанышпен жеткізді.

Сейітхан Орынбаев:

Мырзакүл екеуміз ата-анамызға қатты қарадық, жаяу жүргізген жоқпыз, кетпен шапқызғанымыз жоқ. Бар жұмысын, айтқанын қалт етпей орындап, қызметін істедік. Осы кітаптың өзі де - сол ата-бабаға менің қызметім болды.

Айгүл Мұсабаева, тарих ғылымдарының кандидаты, келіні:

Он жыл бойы зерттедік. Жалпы осы еңбегімізде Сыр бойы кезеніндегі кешегі 19 ғасырдағы мынау қоқандарға, хиуа шапқыншыларына қарсы күрескен батырлар, оның ішінде біздің Кеңес үкіметі кезінде бір-екі батырдың аты аталып қана жұр, ол оның ішінде осы Сыр бойында біздің батырларымыз көп. 200-дей батырдың біз деректерін таптық.

Ата жолын қуған кішкентай Айхан да қазақ батырларының тарихын жатқа біледі. Ол болашақта кино режиссері болып, батырлар туралы кино түсірсем, дейді. Әсіресе, Ұлы Отан соғысында жауға қарсы шайқасқан Сағадат атасының өмірі балғынды ерекше қызықтырады.

Айхан Орынбаев:

Сағадат Нұрмағабетов 1925 жылы туылған. 1943 жылы әскерге түсіп, губернатордан оны пулеметшы етуге рұқсат сұрады. Сағадат Нұрмағамбетов екі сағатта 40-80 жау өлтірді. Сағадат Нұрмағамбетовке Қызыл Жұлдыз орденін берді.

Қариялар үш қыз, төрт ұлдан жиырма бес немере мен он шөбере, бірнеше шөпшек сүйіп отыр. «Үлкенді сыйлау, білімге ұмтылу, бір-біріне қол ұшын беру, ерінбей еңбек ету» - ақсақалдың осы өсиеттерін жадына тоқыған балалары, өз ұрпағына да дұрыс бағдар беруді мақсат тұтқан.

Шарипа САҚТАПОВА