Русский Сайттың толық нұсқасы

Теміртау қаласындағы ерекше хайуанаттар бағында үй жануарлары мен экзотикалық аң-құстар өмір сүреді

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2015
  • 3814

Теміртау қаласында ерекше хайуанаттар бағы жұмыс істеп тұр. Онда үй жануарлары мен экзотикалық аң-құстар өмір сүреді. Келушілер бақтағы жануарларға күтім жасай алады. Қазақстанда болмаған ерекше баққа ауылдың қарапайым тірлігін аңсаған ересектер мен балалар ағылып келуде.Тілшіміз Айжан Қуаш та айрықша бақтың тыныс тіршілігін көріп қайтты.

6 жастағы Артем үйректің балапанын бірінші рет қолына ұстап тұр. Әдетте құстарды суреттен ғана көретін бала олардың мамықтай жұмсақтығына қайран қалды. Хайуанаттар бағының қызметкерлері Артем мен оның інісіне лақтарға бөтелкемен сүт беруді де үйретті.

Бүлдіршіндер үй жануарларының төлдеріне қызықса, ересектер ауылды аңсағандықтан, осында келетіндерін айтады. Әйелдер жағы бақтағы сиырды сауып көрсе, ерлер атқа мінуге құмар. Бойжеткендер көбіне боталарды сылап-сипап бәйек болады. Ал Шафран есімді мына салпаң құлақ есек бақтың танымал тұрғынына айналған.

Абылай Амангелдиев:

Есекке бірінші рет мініп тұрмын, есекке міну арманым болған. Ат сияқты үлкен емес, аттан құлағаннан қарағанда, мынадай құлаған жақсы екен. Үйренген есек екен, рахат болды.

Хайуанаттар бағында жануарлар мен келушілер осылайша достасып кетеді. Тұрғындар аң-құстарды көзбен көріп қана қоймай, қолмен ұстап, тамақтандыра алады. Қазақстанда бұрын болмаған мекемені Теміртау қаласының тұрғыны Надежда Брюхова ашқан. Бұл оның бала кезден бергі арманы болатын. Оны іске асыру үшін шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша 2 жарым млн теңге көлемінде грант жеңіп алған кәсіпкер бұл бастамасы арқылы тұрғындардың танымын арттырып, ой-өрісін кеңейтеріне сенімді.

Надежда Брюхова, Теміртау қаласындағы шағын ауылдық хайуанаттар бағының директоры:

Кәдімгі хайуанаттар бағында жануарларды тордың сыртынан ғана көріп қайтамыз. Ал, бізде оларды қолға ұстап, тіпті, жем-шөп беруге болады. Балалар бұдан керемет әсер алады. Ойын алаңдары, ересектер демалатын орындар, арнайы ас мәзірі де бар. Тұрғындар демалыс күні ауылға барғандай демалып қайтады.

Баққа енді экзотикалық жануарларды әкелу де жоспарда бар. Жуырда Австралиядан қолтырауын жеткізілді. Африканың үкісі де осында. Қазір үйлеріндегі жануарлары мен жаралы құстарды тапсырушылар да көбейген. Мынау қанаты сынған тұйғынды қызметкерлер өздері емдеп жазыпты.

Ольга Лебедева, Теміртау қаласындағы шағын ауылдық хайуанаттар бағының қызметкері:

Құстың қанаты сынып қалыпты. Ота жасап, жаралы жерін кесіп тастауға тура келді. Қазір жағдайы жақсарып қалды. Тек, қанаты қайта өспейтіні өкінішті.

Хайуанаттар бағына келушілер күн санап артуда. Үй жануарларын көзімен көріп, оларға күтім жасап үйренгісі келетіндер көбейген. Осыны ескерген бақ қызметкерлері сиыр сауу мен атқа мінуден шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.

Айжан ҚУАШ