«Қазақ хандығының 550 жылдығы» қарсаңында
Астанада аламан бәйге ұйымдастырылады. Алтыншы қыркүйек күні өтетін дәстүрлі
республикалық «Алтын тұлпар» сайысына еліміздің барлық өңірлерінен
160-тан астам бабы келіскен жүйріктер қосылады деп күтілуде.
Жарыс дәстүр
бойынша Астана маңындағы Қабанбай батыр ауылында өтпек. Аламан бәйгенің жалпы
жүлде қоры биыл 23 миллион теңгені құрайды. Бас бәйге 10 млн теңге. Тұлпарлар
сайысының биылғы ерекшелігі аттар шабатын қашықтық 43 шақырымнан 51 шақырымға
дейін ұзартылған. Жарыстың көрермендер үшін қызықты болуы үшін қашықтық 4 айналымға
бөлінген. Оның әрбірі он екі жарым шақырымнан тұрады. Ұйымдастырушылар
атжарыстан кейін мың қаралы адамға ас беріп, қымызмұрындық жасауды жоспарлауда.
Сондай-ақ, аламанда үздік ат сыншысы, үздік ат тағалаушылар да анықталатын
болады.
Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері
қауымдастығының президенті:
Нағыз бап шабады осы жерде. Бас салып тыз етпе,
ұшқыр деген нәрсенің барлығы, көресіздер, екі айналым, бір айналымнан құлап
жатады. Ал шын ат өзінің күшін сарпып, өлшеп отырып, 51 шықырымды ыңғайлайды.
Осыған баптай алған атбегі - шын мәніндегі атбегі болады. Және осы нәрсеге
арнайы түрде «Нұр Отанның» қолдау көрсетуі - мемлекеттің қамқорлығындағы нәрсе
деген сөз, былай айтқанда. Ол атбегіге қамқорлық емес, болмаса атқа қамқорлық
емес, бұл қазақтың атбегілік өнеріне, дәстүріне, рухани құндылығына деген
қамқорлық екендігін сіздердің естеріңізге айрықша сала кеткім келеді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ