Русский Сайттың толық нұсқасы

Футболдан Еуропа лигасының іріктеу жарысында Алматының «Қайрат» командасы кезекті жеңісін тойлады

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2015
  • 1403

Футболдан Еуропа лигасының іріктеу жарысында сынға түсіп жатқан Алматының «Қайрат» командасы кезекті жеңісін тойлады. Дәрежелі жарыстың үшінші кезеңінде Шотландияның «Абердин» клубын қабылдаған Владимир Вайсстың шәкірттері 2-1 есебімен басым түсті. 

Алматыдағы орталық стадионда өткен кездесуді ширақ бастаған «Қайрат» футболшылары бірінші таймның басында есеп ашты. Қонақтар қорғанысын жеке дара бұзып өткен Михаил Бақаев командасын алға шығарды. Голдан кейін шабыттанған алматылық клуб араға 9 минут салып есепті еселеді. Алыстан мықты соққы жасаған команда капитаны Бауыржан Исламхан кездесуді тамашалауға жиналған 35 мың жанкүйерді дүр сілкіндірді. Екінші таймда «Қайрат» командасының бас бапкері Владимир Вайсс алаңға тыңнан ойыншылар қосты.

Намысқа тырысқан «Абердин» футболшылары ұрымтал сәттің бірінде есепті қысқартты. Қараусыз қалған қақпаны нысанаға алған Кенни Маклин әріптестерінің қошеметіне бөленді. Қалған уақытта командалар алма-кезек шабуыл ұйымдастырғанымен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Екі команда арасындағы қарымта кездесу 6 тамыз күні Шотландияда өтеді. 

Владимир Вайсс, «Қайрат» клубының бас бапкері:

Біз тамаша өнер көрсеттік. Десе де, алаңға тыңнан қосылған футболшылар нәтиже бере алмады. Қорғаныстағы бір қателік қонақтардың гол соғуына әкеліп соқты. Бұл кездесуде ірі есеппен жеңуіміз керек еді. Бірақ, қалай болғанда да, біз Еуропаның азулы командасына қарсы тұрдық. 

Самат ҚАНАҒАТОВ