Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бөгде ой». Салафизм ағымына тыйым салу ұсынысы. Ұйытатын имамдарға қажеттілік...

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2016
  • 2729

5-маусымда болған оқиға – екі қару-жарақ дүкені мен Ұлттық ұланның әскери бөліміне жасалған шабуылдар мың сан сауал туғызды. Кімдер, соңында кімдер тұр, қалай жол берілді, қалай жолын кесеміз. Алайда бұл сауалдардың қойылғанына бірнеше жыл. Себебі бізде мұндай қанқұйлы теракт бірінші рет болып тұрған жоқ. Екіншіден, ата-бабаларымыз ұстанған Ислам дініне мүлдем ұқсамайтын бағыттардың дендегені, сол бағытты ұстағандардың сыртқы формасымен бірге ішкі мазмұндарының «өзгергені», тіпті қайсібірінің қайдағы бір қиырдағы қасиетсіз соғыстарға аттанып кеткендері, алтын діңгектің бірі – асыл дініміз бойынша жіктеле бастауымыз, тиісінше, әрбір мүшесінде әр түрлі сенім пайда болғасын шаңырақтардың шайқалуы қоғамдағы алауыздыққа дейін ұласып, одан әрі ұлттық қауіпсіздікке қатер төнгені айтылғалы қашан. Бізде көзқарас, ұстаным, келісім бойынша  проблемалар мен қайшылықтар онсыз да бар. Және олар соңғы жылдары анық байқалды. Оған себеп: 1. Әлеуметтік желілер дамыды. 2. Украина жерін жұлмалаған Ресеймен Батыс әлемінің текетіресі.

 Бұл да жақсы тенденция емес. Алайда Ақтөбедегі терактілер, радикалды бағыттағы адамдардың көбеюі жаманның жаманы екенін көрсетті. Сананың сансырауының себептері көп. Бұған дейін бірнеше рет бірнешеуін атадық. Әлеуметтік әділетсіздік, жемқорлық, жұмыссыздық. Екінші жағынан рухани аштық. Сауалдарға жауап іздеген «миларды» бөгде ойдың толтыруы. Және «бөгде ойды» енгізушілердің кәдімгідей күш екені. Сырт ғана емес, іште де...  Ұйытып, тамсандырып, жетелеп әкететін ағартушылардың аздығы. Телегей теңіз білімі ғана емес, тұлғалық қасиеті мол имамдардың... Қарап тұрсаңыз, өте күрделі, шиленген түйін.Дін істері жөніндегі комитет сарапшылардың салафизм идеологиясына тыйым салу туралы ұсынысын талқылайтынын жұмада комитеттің басшысы Ғалым Шойкин айтты. «Қазір осы мәселе қызу талқыланып жатыр. Біздің мамандар бұл мәселені жан-жақты талдайды. Оның салдарын да түсінуіміз керек. Егер шешім қабылданса, тиісті жұмыстарға мемлекеттік органдар да, Мұсылмандар басқармасы да дайын болуы керек»,- деген ол, «Эксперт» клубының басқосуының алдында журналистерге берген комментарийінде. 

 Кебір деректерге қарағанда елімізде 600- астам  терорист сотталған, оның басым көбі өздерін салафиттерміз, - дейді. 

Мөлдір Бақытқызы жалғастырады.

Айналдырған екі-үш жылда әлеуметтік желі, оның ішінде «Фейсбук» ашық әрі  ықпалды пікір-талас алаңына айналғаны рас. Мұнда «Фоллеверлер» дін туралы таңды-таңға ұрып, қызылкеңірдек болып «қырқысып» жатады.  Дін «виртуалды өмірде де» өткір тақырыпқа айналғалы қашан.  Мысалы, мынау айтыскер  ақын Дәулеткерей Кәпұлының «посты»:

«Бас прокуратура мен сот сәләфизм ағымын қауіпті идеология ретінде танып, жұмысына тыйым салуы тиіс. Қазақ қоғамы радикал дінге қатысты мұзтаудың бет жағын ғана, оның өзін толық көре алмай отыр. Бұл тұрмыстық қақтығыс деңгейінде бағаланатын немесе бір шағын қылмыстық топтың жөнсіздігі ретінде қарайтын дүние емес. Түбі терең, қаупі орасан...  Бұлардың идеологиясын жүргізіп отырған ақпарат құралдары, журналистері, блогерлері бар екенін, ағымның қазақ еліне сыналап еніп, терең тамырланып алғанын айттық. Олардың қатарында шын дін мен жын діннің аражігін ажырата алмай адасып жүрген бауырларымыз да қаншама».¤ 

Иә, ¤Қазақстанда салафизмге тыйым салынуы мүмкін. Еліміздегі Дін істері комитеті осы мәселемен айналысып жатыр, дейді төрағасы Ғалым Шойкин. Оның айтуынша елде салафит  екенін ашық мойындайтын 15 мыңдай адам. Көпшілік дін жолында ұстанған бағытын жасырады. Сондықтан, олардың санын дөп басып айту мүмкін емес.

Ғалым Шойкин, ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі, Дін істері комитетінің төрағасы:

Дәстүрлі емес діни ағымдарға, оның ішінде салафизмге  ілескендер саны шамамен 15 мыңдай адам. Соңғы екі жылда олардың саны айтарлықтай қысқарды. Бірақ бұл «айсбергтің» жоғарғы жағы ғана. Олар айтарлықтай көп, идеяларын жасырады.

Қазір  500-дей салафит түрмеде. Соңғы екі жылда 300-ге тарта сотталушыны теологтар «тезге салып», райынан қайтарған деді,- Шойкин. Ал  Атыраудағы түрмелердің бірінде жұмыс істейтін Қанат Жұмағұл абақтыдағылардың «амалсыздың күнінен» айтулары мүмкін дейді.  

Қанат Жұмағұл, теолог:

Теріс бағыттағы жастарымыз толық қайтты деп айту қиын. Себебі абақтыда жатқан соң, шыны керек, дәстүрлі бағытқа қайттық деп айтатындары бар. Кейбіреулері әр түрлі себептермен дәстүрлі бағытқа қайта алмай жүр. Әлі де көп жұмыс жасау керек.

 Елімізде мешіттерге тұрақты түрде баратындар халықтың 15 пайызын құрайды. Бұл шамамен 2 млнн-нан астам адам. Оның қаншасы теріс діни ағым жетегінде, белгісіз.  Ақтөбеде аңырап қалған ата-ана да баласының жат пиғылынан бейхабар болып шықты. Ақпараттық порталға әскерилерге шабуылдаған Дархан Қойшинның анасы ағынан жарылды. Сол күні ұлына біреулер қоңырау соғып, қонаққа шақырған. Ол кішкентайын ерте кетпекші болған. Бірақ, әлгі адамдар қайта қоңырау соғып, баласыз келу керегін айтқан. Жылап қалған бүлдіршінге,  дүкеннен «тәттісін» алып беріп, әкесі кете барған. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің оставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов салафилердің Ақтөбедегі «ұясына» тапсырма табан асты түсуі мүмкін,- дейді. Полковниктің болжамы Дарханның анасының әңгімесімен қабысады.

Арат Нарманбетов, ҚР ҰҚК отставкадағы полковнигі:

Бүлік аяқ-асты ұйымдастырылған сияқты болып көрінеді. 27 адамнан тұратын террорлық топ үлкен күш. Арасында 2-3 тәжірибелі адам болған. Қалғаны бұл шаруада әлі піспеген жастар. Дүкенді басып алғандағы әрекеттері, қару-жарақ ұстастарынан бұл байқалады. Негізгі мақсат Ақтөбеде шу шығарып, оны біздің мемлекттен тыс, бүкіл әлем  еститіндей резонас туғызу  болса керек. Бір жағынан олар бұл мақсаттарына жетті.

Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев діни ахуалдың ушығуына имамдарды да кінәлайды. Бүлік шығарғандар мешітке келіп тұрады. Молдалар бәрін таниды, бірақ жасырады. Немесе қорқады. Одан қалса сауатсыз деп, сөкті.  Ақтөбеге арнайы барған «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед, террордан опат болғандардың отбасына Президенттің атынан көңіл айтып ғана қойған жоқ. Бауырларымыздың адасып, бабалар таңдаған бағыттан айнуына  «Уағызымыздың жетпегені, тәрбиеміз бен айтар сөзіміздің өтпегені себеп болуы да мүмкін, — деді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Сол бауырларымызды оң жолға бастай алсақ, ақыл-кеңесімізге көндіре алсақ иманымызға ұйыта алсақ, олар мүмкін ол жолға түспеген де болар. Адамды кінәлау оңай. Адамды өзіңе қанаттас ету, пікірлес ету бұл ғұлама адамның ғана қолынан келеді. Имамдар ислам дінінің ғұламасы. Осы облстағы ең үлкен мешіттердің имамдары, дін ғұламалары осы жерде отыр. Сондықтан сіздер жүрген жерлеріңізде  теріс жолға түсіп бара жатқан бауырларымызды бері қарай тартып,  хақ жолына, нағыз дін жолына тартып отырсаңыздар, ол нағыз сауапты іс болар еді.

Сауапты істі сауатты жүргізетін,  белгілі бір сұрақтар мазалаған кезде иманға ұйытып, ізгілікке, білім-ғылымға, рухани өсуге жетелейтін имамдар шын, жетіспейтіндей.  Күштірек, ақылдырақ, дәулеттірек болуға бір сөзбен айтқанда ислам қағидаларын Шәміл Аляуитдинов секілді уағыздайтын. «Молда» дегенде елестейтін образға сыймайтын, татар бауырымыздан алған сұхбатты бұрын да көрсеткенбіз. Ол қасиетті дініміздің прогрессивті дін екенін дәлелдеп жүр.

Шәміл Аляуитдинов, имам:

Құранда бірнеше рет айтылады – Жаратушы бәрін істей алады!  Егер Алла-тағала қаласа, «бол» дейді және болады! Оның беретін мүмкіндіктері шектеусіз! Біз өзімізді шектейміз – өй, менде қайдан болсын- дегендей... Саған әуелі бұл өмірде не қалайтыныңды ұғуға тиіссің. Бұл өмірде не қалдырасың, мәңгілікте неге талпынасың? Осыларды рет-ретімен қоя білу керек! Қанша ақша саған керек – сол ақша сенде болады. Бірақ мұның бәрі процесс. Өмірде түрлі соққылар аласың... Бірақ сен АДАМ болып қалуың керек, сені ешнәрсе сындырмауы керек.  Сен күштірек, ақылдырақ болып, дәулетіңді арттырып,  Жаратушыға сеніміңді күшейтіп, толыса түсуің міндет. Рухани жағынан да, материалдық тұрғыдан да, денсаулық мәселесінде де үздіксіз шыңдалуың шарт.

Ал белгілі исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы салафтарды радикалды немесе «қалыпты» деп бөлуге қарсы. Кезінде «қалыптылар»-дың уағызы арқылы, қолына қару ұстаған радикалдарды қайтарамыз деп ойладық. Ақтауға тырыстық. Қазір керісінше «қалыпты» дегендер радикалға айналып жатыр дейді. Қалайша?

Қайрат Жолдыбайұлы, исламтанушы:

Жуас қасқыр болмайды Олардың иделогиясы бірдей, кітаптары бірдей, шейхтары бірдей, діни көзқарастары бірдей. Біздің әдет-ғұрыптарымызға қырын қарайды. Наурыз тойлау ширк дейді, Мәулітті тойлау бидғат дейді. Осындай тыйымдармен өмір сүрген соң, өз ортасынан айырылып қалады. Туған туысынан, жора жолдастарынан. Қоғаммен бірге өмір сүре алмайды. Қоғамның бәрі өзінің көзқарасына қарсы болған соң, оларды тозақтық деп ойлайды. Ол қоғам қарсы шығып оларға бүжірейе қалғанда олардың бәрін дұшпан санайды. Сөйтіп, кең дүние тар қапасқа айналады.  Осы қиыншылықтан құтылу үшін жұмақты іздейді. Қалай ғана тез кетсем осы қоғамнан, дейді.  Сөйтіп мен шейіт болсам, қолыма қару алып соғыссам, мына қиыншылықтан құтылсам, Алланың ризашылығына бөленем дейді. Сәләфилердің бір жақты ойлауы, шектен шығуы, айналып келіп радикалимзе, қолдарына қару алуға, тезірек өлуге шейіт деген түсінікке итермелейтін бұл бір жоба.

Сарапшылар радикалды дін өкілдерінің мұнайлы Батыста көп шоғырлануы түсінікті,- дейді. Қысқасы олар қоғамда бүлік шығарып, іріткі салатын сыртқы күштердің қолшоқпары. Тұрақтылықты теңселту, тіпті билікті басып алу. АҚШ, Ресей, Қытай бақталастығы жолында аймақтағы тыныштықты бұзу үшін, қолданатан схема дейді. Қоғам радикалдануының әлеуметтік-экономикалық себептері біреулердің гео-саяси ойын жүргізуіне күшті құрал.

Дәулет Закарянов, Павлодар облыстық Дін істері жөніндегі Басқарма бастығы:

Бұл да Украина, Грузиядағы секілді қарсыластарын әлсірету сияқты, бір тізбекке жатады. Қос құрлықтың қақ ортасындағы Қазақстанда тұрақсыздық орнату саяси топтардың тапсырысы. Олар ойлана келе, Қазақстанда бүлік бастайтын ықпалды саяси оппазиция жоқ, дін арқылы бүлдіру жемісті болады деп білді. Фанатизмге соқтыратын діни идеялар, ең сорақы  көзқарас нақты, Орталық Азияда оның ішінде Қазақстанды қамтитын Діни мемлекет құру идеясын насихаттайды. 

 Жаңа айттық, салафизм біздің елде заңмен тыйым салынбаған ағым. Егер тек ағартушылық жолмен жою мүмкін болғанда небір аты әйгілі ғұламаларға толы Мысырда сәләфизм деген мүлдем болмас еді. Тәжікстан, Өзбекстан секілді біз де түбінде заңға жүгінеміз. Тек ол кезде кеш болып жүрмесе,- дейді сарапшылар. Ақтөбедегі қанды қырғынның ертесіне Үкімет шұғыл жиналып, «шаруашылықта ақсап жатқан жерлер бар» деді...

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

У нас получилось что есть недоработки в нашем хозяистве. И мы должны приять. Здесь целый комплекс мер. И этот вопрос буду держать в личном контроле по поручению Главы Государства.

Мөлдір Бақытқызы, «Біздің уақыт».