Русский Сайттың толық нұсқасы

Назарбаев Университет түлектерін ұшырды

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2016
  • 1891

Бүгін Назарбаев Университет екінші рет түлек ұшырды.

Биыл Республика бойынша 128 мың шәкірт университет тәмамдап, кейбірі еңбек жолына, енді бірі әрі қарай білім қуып, қиырға аттануға жолдама алды. Жас та болса, талабы мықты Назарбаев университеті де осы жылы 600-ден астам түлегінің томағасын сыпырып, тілеуін тілеп шығарып салды. Салтанатты жиынға қатысқан ел президенті де жас түлектерді қанатын кеңге жайған қыран құсқа балап, батасын берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүркіт деген қазақ үшін қастерлі құс. Ұясын үлкен шыңдарға салады. Балапандарын сол жерде шығарады. Балапандарының қанаты қатып, қарайған кезде желкесінен алып, аспанға шығарып тастайды. Қанаты қатқандары әрі қарай самғап, ұшып кетеді, қанаты қатпағандар құлдырап төмен түскен кезде, ана бүркіт ұшып барып балапанын ұстап қайтадан ұяға отырғызады.  Бірақ оған ешқашан қайтып келмейді. Оның өмірі өзінің қолында болады. Сондықтан біз сіздерді ұядан ұшырдық. Сендер Тәуелсіз Қазақстан деген ұядан ұшқан құссыңдар.

Қуанышыңды білдей бір мемлекет басшысымен бөлісудің мойынға артатын өз салмағы бар. Қазақстанды ғылыми дамыған елдердің қатарынан көру қиялынан туындап, арман боп іске асқан университет түлектеріне президент те ерекше сенеді. Ел басшысы түлектермен болашақта өркениет қай бағытта дамитыны, неге талап қылу керектігі жайындағы ойларымен бөлісті. Қатаң протоколда 20 минут делінген президенттің ресми сөзі 40 минуттық ағалық кеңеске ұласты. Өз-өзіңе қатаң талап қой, жас түлек, дейді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ешкім біздің алдымызға даңғыл жол төсеп бермейді, берген де жоқ. Ешкім бізге технологиялық жаңалықтарын бермейді, ешкім өз-өзіне бәсекелес өсіргісі келмейді. Әлемдік сахнадан лайықты орынды иелену, бірлігімізге, біліміміз бен тұтастығымызға, қажырлы еңбегімізге тәуелді болады. Бүгінгі ұрпақ ел болашағының ертеңгі кілті. Тәуелсіз елімізде биік белестерге бастайтын жолдың бастауы білім ордалары болса, оның жүрегі де, тірегі де сіздерсіздер.

Аманатын айтқан Президент университеттің үздік түлектеріне дипломдарын табыстады. Үздіктердің арасынан аттасын көріп ерекше қуанған Нұрсұлтан Назарбаев жас математиктың арқасынан қақты. Қазақстанның болашақ көшбасшысының осы түлектер қатарынан шығуы да әбден мүмкін. Президент қолынан диплом алған жастардың қатарында Жұлдыз Аманқұлова бар. Кешегі ауыл қызы алда Минисота университетінің доктарантурасында әлемдік саясатты оқиды. 

Жұлдыз Аманқұлова, Назарбаев Университеттің 2016 жылғы магистратура түлегі:

Мен өзім қарапайым, көпбалалы отбасынан шыққанмын. Әжемнен алған тәлім-тәрбие халқымыздың даналығын, салт-дәстүрін бойыма сіңіруге ықпал етті. Білімнің бастауын әжемнен алып, ауылдың мектебіне бастауыш мектепке барғанмен, бүгінгі таңда еліміздің маңдайалды оқу орнының түлегі болып отырмын. Бұл жолдағы менің басты серіктерім – еңбек пен білімге деген құштарлық.

Ал Әлібек америкалық миллиардер Стивен Шварцманның екі грантының бірін жеңіп алған, ТМД елдерінен аталмыш шәкіртақыға қол жеткізген жалғыз студент.

Әлібек Нұркеш, Назарбаев Университеттің 2016 жылғы түлегі:

Біз қай жерде істесек те, кім болып істесек те ол ең бастысы біз өзіміздің елімізге деген үлесімізді қосуымыз. Сол себепті қай мамандықты таңдап жатса да, қай жерде істеп жатса да, қай компанияда істесе де, біз еліміздің бізге артқан үмітін, бізге берген білімін өзіміздің еліміздің игілігіне қолдануымыз қажет.

Ал Президенттің бүгінгі ақжарма тілектері жалғыз Назарбаев университеті түлектеріне бағытталмайды. Сөз ұққан әрбір жас азаматқа үлкен саясаткердің сөзінде астар бар.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қыздарға көбірек тапсырдым, жігіттерден. Жақсы оқитын шығар қыздар әрине. Осы барлықтарыңа тапсыруым керек еді әрине. Барлықтарыңның қолдарыңды қысып, құттықтады деп санаңдар, жарайды ма?

Салтанатты жиыннан кейін дәстүрге сай президентпен суретке түсу рәсімі. Одан кейін де жастар мемлекет басшысын жібергісі жоқ. Президент те бір сәтке қауырт  істерді ұмытқандай. Қол созған әрбір студенттің көңілін қимай қолын қысып, батасын беріп жатты.

Азамат Алдоңғаров, Нұржан Махмұтов, «Біздің уақыт».