Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанаға ресми сапармен Пәкістан премьер-министрі Мухаммад Наваз Шариф келді

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2015
  • 1309

Қазақстан Пәкістанның дүниежүзіне танымал тоқыма өнімдерін импорттауды жандандырмақ. Есесіне, бұл елге экспортталатын отандық өнімдерімізге де даңғыл жол ашылады. Екі ел арасындағы өзара ықпалдастық осылайша тың серпін алмақ. Ол әсіресе білім және ғылым, экономика, көлік, кеме құрылысы, сондай-ақ әуе қатынасы салаларын қамтиды.

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан премьер-министрі Мухаммад Наваз Шарифпен кездесті. Мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген Пәкістан үкіметі жетекшісімен бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда-саттықтың ауқымы төмен. Себебі екі ел арасындағы транзиттік мәселелер шешілмеген. Сондықтан көлік-транзит саласындағы мәселелерге өте көп көңіл бөлдік. Қытай Халық Республикасының «Ұлы Жібек жолының» экономикасы, Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы және «Қара қорым» автожолы Қытай, Қазақстан, Пәкістан арсындағы жол қарым-қатынасымызды жандандырады, деп ойлаймыз. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Ал енді Қазақстан, Түркменістан, Иран арқылы парсы шығанағына кіретін біздің салған темір жол Пәкістанның порттарына шығуға мүмкіншілік ашады.

Кеңейтілген және жеке құрамдағы келіссөздер нәтижесінде тараптар жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және басқа да салаларда бірлескен кәсіпорындар ашуға келісті. Сондай-ақ, тоқыма саласында нақты қадамдар жасалмақ. Айта өтейік, Пәкістанның тоқыма өнеркәсібі дүниежүзіне танымал. Өнімдерінің үштен екісі әлемдік нарыққа шығуда.

Өз кезегінде Наваз Шариф қос мемлекеттің бірқатар халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтастық орнатуға ықыласты екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен және ел Конституциясының 20 жылдығымен құттықтады.

Мухаммад Наваз Шариф, Пәкістан премьер-министрі:

Қазақстан мен Пәкістан ШЫҰ және БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар аясында бұдан әрі де ынтымақтасуға ықылас танытып отыр. Мені Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығының арқасында Қазақстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық прогресінің ауқымы тәнті етті. Біз елдеріңізге алдағы уақытта да табыс пен бақ-береке тілейміз. Біздің мемлекеттерімізде қарым-қатынас пен өзара ынтымақтастықты жақсартуға қажетті зор әлеует бар.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА