Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» маусымды жеңіліспен бастады

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2015
  • 1074

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының сегізінші маусымын жеңіліспен бастады. Астаналықтар алғашқы қарсыласы Магнитогорскінің «Металлург» командасынан ұтылып қалды. 4 мыңнан аса жанкүйер келген «Қазақстан» спорт кешенінде өткен кездесу 1:2 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.

Ойынның алғашқы кезеңі тең жағдайда өрбіді. Қарсыластар алма-кезек шабуылдап, бірнеше қауіпті соққылар жасап көрді. Алайда, шешуші сәтте мүлт кетіп жатты. Ал 17-минутта «Барыстың» қарымта шабуылы өз нәтижесін беріп, айдын иелері алға шықты. Шайбаның авторы - Константин Руденко. Гол соғылған сәтте екі команда да 4 хоккейшімен өнер көрсетіп жатқан. Үзіліске дейін бұл есеп өзгерген жоқ. Екінші кезеңде қонақтар басым болды. Үшінші кезеңде Магнитогорскіден келген ойыншылар біздің қақпаға екі бірдей шайба енгізді.

Ертең Ерлан Сағымбаевтың командасы Уфаның «Салават Юлаев» командасымен күш сынасады.

Ерлан Сағымбаев, «Барыс» хоккей клубының бас бапкері:

Бүгін жақсы ойын болды. Жігіттер барын салып ойнады. Екінші кезеңде талай рет есепті еселей түсуге мүмкіндік болғанымен, көп жағдайда соққылар қақпадан мүлт кетіп жатты. Бірақ үшінші кезеңде қорғаушылардың бір-екі жіберген қателіктерінің кесірінен жеңіліс таптық.

Берік ХАСЕНОВ