Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада теңге ілуден І Ашық Азия чемпионаты және асау үйретуден республикалық турнир өтеді

  • AstanaTV
  • 28 тамыз 2015
  • 1754

Алдағы жексенбі күні Астанада екі бірдей дүбірлі бәсеке өтеді. Теңге ілуден І Ашық Азия чемпионаты және Асау үйретуден республикалық турнир басталмақ. Мұндай сайыстар елімізде тұңғыш рет өткелі отыр. Игі шара «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында және Конституцияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. Тартысқа толы турнир жайында тілшіміз тарқатады. 

Ауқымды шараға онға тарта шет мемлекеттердің өкілі қатысуға ниет білдірген. Қытай, Моңғолия, Түркия, Венгрия спортшылары сайыста бағын сынамақ. Бұл жарыс еліміздің спорт тарихында алғаш рет өткелі отыр.

Бенце Иштван, Теңге ілу чемпионатының қатысушысы, Венгрия:

Теңге ілу - Венгрияның да ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойынды ғасырлар бойы ойнап келеміз. Қазақ пен венгрлардың ата-тегі бір болғандықтан, бұл ойын - бізге ортақ. Біз осымен Қазақстанға екінші рет жарысқа келіп отырмыз. Осыған дейін аударыспақтан болған чемпионатта бағымызды сынағанбыз.

Халықаралық дәрежедегі дода «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтеді, «Самұрық - Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік көрсетуде. Тартысқа толы турнир Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында және Конституцияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылуда.

Берік Уәли, «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі:

«Нұр Отан» партиясы тек қана теңге ілу және мына асау үйрету, «Алтын тұлпардан» басқа да, айтысқа да өзінің үлесін қосып, қолдауын көрсетіп келеді. «Бүркітшілер», аударыспақтан жарыстар өтті, «Қазақстан Барысында» өзінің қолдауын көрсетіп келе жатыр. Сондықтан қолдаулар «Нұр Отан» партиясының тарапынан қашанда өз жалғасын таба бермек.

Теңге ілу чемпионаты барысында тағы бір дәстүрлі өнер «Асау үйретуден» республикалық турнир өтеді. Жарысқа еліміздің аймақтарынан таңдаулы асау үйретуші спортшылар қатысады. Олар далада адам көрмей жайын жүрген «шу асауларды» бағындыруы керек.

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Басында ел тосылып қалды, асау үйретуден жарыс болайын деп жатыр дегенде, ешкім үндей қойған жоқ. Кейін түсіндіре келгенде, өтініштер өте көп түсіп жатыр. Бірақ ол кезде іріктеу өтіп қойған, сондықтан биылша асау үйретуден тек қана 10-ақ адам қатысады әртүрлі облыстардан.

Ұйымдастырушылар ұлттық құндылықты ұлықтайтын, әр қазаққа етене жақын ойынды тамашалауға келген көрерменге есігіміз айқара ашық деп отыр.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА, Берік ХАСЕНОВ