Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жаңа белеске көтерілді. Аспан
асты елі сарапшылар болжаған қаржылық қиындыққа қарамастан, біздің елге
инвестиция құюды жалғастыра бермек. Еске салайық, Президент Нұрсұлтан Назарбаев
осы күндері мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасында жүр. Тараптар 11
келісімге қол қойды.
Екі жақты кездесулер кезінде CNPC компаниясы Қазақстанда
құбыр шығаратын зауыт салуға ниетті екенін білдірді. Жоба құны 150 млн доллар
тұрады. Сондай-ақ, «Бәйтерек» ұлттық холдингі Қытайдың CITIC Group мемлекеттік
инвестициялық корпорациясымен Kazakhstan Infrastructure Fund -ты бірлесе отырып
дамытуға уағдаласты. Қордың капиталы - 600 млн доллар. Бұған қоса «Бәйтерек»
Қытай банкімен меморандумға отырды. Аспан асты елі 5 млрд доллар бөлуге әзір.
Сапар барысында қазақ-қытай тарапы бас-аяғы 23 млрд доллар болатын
келіссөздерге қол қойды. Бұл сома 45 жобаны іске асыруға жұмсалады.
Константин Сыроежкин, саясаттанушы:
Қытайдың қазір біз үшін маңызы орасан. 28 млрд доллар қаражат - Орталық Азияда ең көп бөлініп отырған қаржы көзі. Бұл
цифрды 40-қа жеткізу жоспарда бар. Қытай Қазақстандағы кез-келген салаға келіп,
жұмыс істеуге құлықты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда 3 қыркүйекке дейін болады.
Жоспарға сәйкес ол Мемлекеттік кеңес премьері Ли Кецянмен
кездеседі. Ал бейсенбі күні Қазақстан Президенті Жапон басқыншыларына қарсы
күрестегі Қытай халқының 70 жылдық жеңісіне орай салтанатты шеруге қатысады.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ