Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-тағы қырғынға байланысты Елбасы көңіл айту жеделхатын жолдады

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2016
  • 1543

АҚШ-тың Орландо қаласында болған жаппай қырғынға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Барак Обамаға көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда «Қазақстан терроризмнің барлық белгілерін айыптайды. Жазықсыз адам қанын төккендерді ешқандай себеппен ақтап алу мүмкін емес», - делінген.  Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтардың атынан қаза тапқандардың отбасына, жалпы америка халқына көңіл айтты. Жараланған адамдардың тез сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Бүгін АҚШ-та мемлекеттік ту төмен түсірілді. Ел президенті Барак Обама қанды оқиғаға терроризм деп баға берді.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Біз мұны теракт деп айта аламыз. Федералды тексеру қызметі жергілікті құқыққорғау органдарымен бірлесіп істі тергеп жатыр. Оған үкіметтің барлық ресурстары жұмылдырылады.

Еске салайық, кеше АҚШ-тың Орландо қаласында орналасқан Pulse түнгі клубында болған атыстан 50 адам ажал құшты. Тағы 53-і жараланған. Ғимаратқа оқ жаудырған - 29 жастағы ауғандық Омар Матин. Атыс кезінде оның өзі де оққа ұшты. Америкада бұған дейін осынша адам бір мезетте қаза тапқан қанды оқиға тіркелмеген. Ал ұлты ауған Омар Матиннің Америка Құрама Штаттарында туып-өскені белгілі болды. Әке-шешесі ертеректе көшіп келген. 50 адамды қырып салған қаскөй 2007 жылдан бері күзет агенттігінде жұмыс істепті. Оның қандай да бір діни ұйымдарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Ситора Юсуфи, Омар Матиннің бұрынғы әйелі:

Ол маған жиі қол көтеретін. Бастапқыда мінезі біртоға сияқты көрінген. Заңдастырылған тапаншасы бар еді. Ол полицей болғысы келетін. Мінезі тұйық. Бірақ діндар емес-тін. Мен онымен 4 ай бірге тұрдым. Қарым-қатынасымыз үзілгелі 7-8 жыл болды.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ