«Жастар кадрлық резерві» жобасына үміткерлерді
іріктеу басталды. Аталған
жоба «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен
қолға алынған. Екі күндік сұхбаттасуға 150-ден астам
адам қатысады деп күтіліп отыр.
Бүгін Астанада үміткерлерді іріктеудің алғашқы
күні өтті. Әзірге аймақтық комиссия 60-қа жуық адамды қабылдап үлгерген. «Нұр
Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар кадрлық резерві» жобасы 2009
жылдан бері жүзеге асырылап келеді. Жоба жұмыс тәжірибесі бар, оқып-үйренуге
бейім, сараптамалық қабілеті мен көшбасшылық қасиеттерге ие жастарды іздейді.
Алты жыл ішінде жобаға қатысуға 10 мыңнан астам жас өтініш білдірген. Ал
бастама жүзеге асырылғаннан бастап, 372 адам әртүрлі ұйымдарда біліктілігін
арттырды. Жоба қорытындысы бойынша заманауи басқарушылардың пулы жасақталады.
Жыл сайын оның резервіне 32 адам ғана қабылданады. Олар Астанада оқыту
курстарынан өтіп, сынақ тапсырып, өз жобаларын қорғауға мүмкіндік алады. Бірақ оған дейін арнайы комиссияның сынынан сүрінбей өту керек.
Талғат Рахманберді, Астана қаласы жастар саясаты бойынша басқарма бастығы,
комиссия мүшесі:
Ең бірінші таңдаған мамандығына қараймын. Себебі бүгінгі таңда Астана нарығында сұранысқа ие мамандықтар өте көп. Ол өздеріңіз білесіздер, техникалық мамандық, инженерлік мамандық және басқа да мамандықтар. Ондай мамандық бізге аса қажет. Сондықтан осы мәселеге бірінші қараймыз. Содан кейін өзінің белсенділігіне, осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктеріне қараймыз, алға қойған мақсаттарына қараймыз. Осы мәселелердің бәрін сұрап, соңында бір шешімге келеміз.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ