Русский Сайттың толық нұсқасы

Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа біріншілігінің кезекті іріктеу ойынын өткізді

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2015
  • 1498

«Барыс» кезекті рет жеңіске жетті.  Ярославльдің «Локомотивін» қабылдаған елордалықтар 4:3 есебімен басым түсті. Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа біріншілігінің  іріктеу ойынында Исландиямен кездесу өткізіп,  0-0 есебімен тең тарқады.



Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» командасы кезекті ойынында жеңіске жетті. Батыс конференциясында жоғарғы орындарда жүрген Ярославльдің «Локомотивін» қабылдаған елордалықтар 4:3 есебімен басым түсті. Бірақ кездесуді сәтсіз бастаған айдын иелері ойынның алғашқы минуттарында екі бірдей шайба жіберді. Дегенмен «Қазақстан» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер алдында аянып қалмаған Ерлан Сағымбаев шәкірттері үзіліске дейін есепті теңестіріп үлгерді. Бұл тұста Ұлттық құрама ойыншылары белсенді. Талғат Жайлауовтың пасын керегіне жаратқан Роман Старченко көзге түсті. Ізін ала дәл осы Талғат Жайлауов Роман Савченконың шайба салуына жағдай жасады. Екінші кезеңде алған бетінен таймаған астаналықтар Роман Старченконың көмегімен алға шықты. Қарымта шабуылдың бірінде «Барыс»  ойыншылары есепті еселеді, көзге түскен команданың жаңа ойыншысы канадалық Мартин Сен-Пьер. Маңызды үш ұпайды еншілеген жерлестеріміз турнир кестесіндегі жағдайын түзеп алды. Келесі кездесуін елордалықтар ертең Тольяттидің «Ладасымен» өткізеді.



Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа біріншілігінің кезекті іріктеу ойынын өткізді. «А» тобында көш бастап келе жатқан Исландиямен өткен кездесу 0-0 есебімен тең тарқады. Осының алдындағы ойында Чех құрамасына есе жіберген Юрий Красножан шәкірттері аянып қалмады, бірақ «Скандинавиялықтардың бұл жолғы ойында өз жоспары бар еді. Төреші ысқырығы естілісімен, Стас Покатилов қақпасына лап қойған алаң иелері ұтымды сәттерін пайдалана алмады. Естеріңізге сала кетейік, футболшылар арасында Астанада өткен алғашқы ойын Исландия құрамасының пайдасына 3:0 есебімен аяқталған болатын. Осылайша 2 ғана ұпай жинаған Қазақстан құрамасы турнир кестесінің соңғы сатысына жылжыды. Келесі кездесуін отандастарымыз 10 қазан күні Нидерланды құрамасымен өткізеді.



«Вуэльта» көпкүндігінің 15-ші кезеңінде Ресейдің «Катюша» велокомандасының өкілі испандық Хоаким Родригес жеңімпаз атанды. Осылайша жалпы есепте көш бастап келе жатқан «Астана» командасының капитаны итальяндық Фабио Аруға бір табан жақындай түсті. Өз кезегінде «Астана» шабандозы жеңімпазға 15 секунд жеңіліп мәре сызығын 10-шы болып кесті. Осылайша «Қызыл жейде» үшін таласта Ару Родригестен 1 ғана секунд алда келеді.