Русский Сайттың толық нұсқасы

Шекарада қаңтарылған жүк көліктеріне қатысты Ресейге сауал жолданды

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2015
  • 1390

Ресейдің Самара және Саратов облыстары аумағында шекарадан өте алмай қаңтарылған қазақстандық жүк көліктеріне қатысты жауапты министрлік көрші елге сауал жолдаған. Бүгін Мәжілістегі ақ жолдық депутаттар да бұл мәселеге Үкіметтің араласуын сұрады. Партия атына көлік тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер шағымданған көрінеді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының төрағасы:

Қазіргі кезде ресейліктер 100-ге тарта көлікті тоқтатып, оларды СВХ деген орындарға апарып кіргізді. Бұл деген кедендік бақылауды қайта түгел жүргізу. Бұл дұрыс емес. Адал бәсекелестікке келмейтін жағдай.

Тиісті министрліктің мәліметінше, отандық кәсіпкерлер Ресей арқылы Еуропадан келе жатыр. Көрші ел реэкспорттан қауіптенсе керек. Бірақ олардың қазіргі әрекеті халықаралық конвенция талаптарына қайшы көрінеді.

Әсет Асаубаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің төрағасы:

Қазақстанға транзитпен Ресей Федерациясы арқылы келе жатқан көліктер кезектен тыс тексерілуде. Алдында халықаралық кітапшалар бойынша келе жатқан автокөліктерді ешбір тексерусіз транзиттік өткізу деген келісімге қол жеткізілген. Алайда бүгінде ол орындалмай отыр. Министр тиісті сұраныс жіберді транспорт министрлігіне, кедендік федералды қызметіне, мәселенің мәнін анықтап, шешуді қамтамасыз ету үшін.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ