Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда жаңа Көші-қон бюросы құрылады

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2016
  • 1291

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов министрліктер мен жергілікті әкімдіктерге тапсырма берді. Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қаржы министрлігімен ақылдасып, бюджеттің күзгі талқылануына әскери-транспорттық ұшақтар алу бойынша өз ұсынысын үкіметке енгізуі тиіс. "Ауыр жүк тасуға қауқарлы ұшақтарды, бюджет шеңберінде, бірінші кезекте аламыз", - деді үкімет басшысы. Тапсырмалар жақында Ақтөбеде болған террорлық актілерден кейін аса өзекті. Қауіпсіздік қызметі елдегі қару-жарақ айналымын қолға алып, экстремизм мен терроризмге қарсы шараларды ширатулары тиіс.

Ал Ұлттық экономика министрлігіне Елбасының "Жаңа көші-қон бюросын" құру қаулысының жобасын бір апта ішінде үкіметке ұсыну міндеті жүктелді. Ақтөбедегі қайғылы оқиғалардан Қазақстанға ақша құйған инвесторлар да шошынып қалса керек. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары Инвестициялар және даму, Сыртқы істер министрліктері, және вице-премьер Дариға Назарбаеваға жүктелді.

Ал әуежайлар мен теміржол вокзалдарындағы қауіпсіздік құрылғыларын Кәрім Мәсімов ертең өзі өңірлерге шығып тексермек. Олардың бір техникалық талап-тәртіпке келтірілуін премьер-министр, Әсет Исекешев, Қалмұханбет Қасымовқа «Самұрық- Қазына» ұлттық қорының басшысымен ақылдасып реттеуді бұйырды.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Ертең мен өңірлерге шыққалы отырмын. Бір өңірге ұшақпен келсем, келесі өңірге темір жолмен аттанамын. Сондықтан жергілікті әкімдер маған әуежайлар мен вокзалдардың тексеріс жүйелерін көрсетеді. Қажет болса, дәл сол жерде тиісті шешімдер қабылдаймыз.

Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тәртіпсіз жастардың жұмысқа орналастырылуын ойластыру керек. Оны да Үкімет басшысы ертең жеке тексермек. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ