Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаттары бір күнде 30-ға жуық заң жобасын қарады

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2015
  • 1472

Бүгін Мәжіліс депутаттары төрағаның бұрынғы орынбасары Дариға Назарбаеваны шығарып салды. Бұл сұрақ жалпы отырыстың күн тәртібінде бірінші болып қаралды. Алайда қоштасу рәсімін жұрналистерге түсіруге мүмкіндік болған жоқ. Камералар залға кіргізілмей, онлайн-трансляция әдеттегіден кешірек басталды. Мәжілістің баспасөз қызметі, мұны техникалық ақаумен байланысты болуы мүмкін, деп түсіндірді.

Жалпы депутаттар іске мықтап кіріскен. Бүгін олар бірден 30-ға жуық заң жобасын қарауға алды. Бұдан былай жергілікті полиция қызметкерлерінің бастықтарын әкімдер тағайындайды. Мұндай норма жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы заң жобасына енгізілді. Заң жобасын төменгі палатаға таныстырған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, министрлік ұсынған азаматты әкімдік пен мәслихат бекітетін болады. Алайда депутаттар жергілікті полиция қызметкерлері де ала таяғын ұстап көшеге шығып, пара алып кетеді, деп алаңдады. Бірақ Қалмұханбет Қасымов жаңадан құрылып жатқан полицейлерден жол қауіпсіздігін сақтау міндеті алынбайтынын айтты.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қағаз бойынша бәрі жақсы. Жергілікті полиция қызметі жергілікті билік алдында есеп береді. Ал іске келгенде, бәрі басқаша болады. Сол әмбебап полицейлердің жағдайы не болды? Ішкі істер қызметкерлерінің барлығы ала таяғын ұстап, жолға шығып кетті. Қазір мына жаңа заң жобасында да полицейлерге жол қауіпсіздігін сақтау міндетін қалдырып отырмыз. Ертең жергілікті полиция қызметкерлері де таяғын көтеріп, көшеге шығып кетеді ғой. Біздің ойымызша, жаңадан құрылып жатқан полиция қызметінен бұл міндетті алып тастау керек. 

Депуттаттар сонымен қатар мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров командалық көшумен күресті күшейткендерін хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде орталық мемлекеттік органдардағы командалық ауысым 20 пайызды құрайды. Ал кей аймақтарда көрсеткіш 40 пайызға дейін жеткен. Сол себепті жаңа заң жобасында аппарат жетекшісі мен жауапты хатшы құзыретіне ерекше мән берілген. Енді мемлекеттік қызметкерлер төменгі сатыдан бірден жоғарғы сатыға аттап кету мүмкіндігінен де айырылды. Әр лауазымға әр сатыда өзіндік талаптар жазылады. Сонымен қатар заң жобасы мемлекеттік органдарға шетел азаматтарын жұмысқа қабылдауға мүкіндік береді. Дегенмен, мекеме бастығы тамыр-таныс арқылы қызметке тұру мәселесін әлі де жоя алмай отырғанын мойындады.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Бәрі бар. Ол өмір ғой. Өмірде бәрі бар. Сол себепті, әрине, біз оның барлығын қадағалап отырмыз. Сол себепті мына қабылданып отырған нормалар сол сіз айтқан жағдайларды төмендетуге мүмкіндік береді, деп санаймыз.

Мәжіліс үзіліс жасап, заң жобаларының жартысын түстен кейін қарады. Депутаттар қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны да ратификациялады. 
 
Айгүл ӘДЕПБАЙ