Президент
Нұрсұлтан Назарбаев кейбіреулердің Еуразиялық экономикалық одақ отырып қалды
деген сөздеріне түсініктеме берді. Сочиде өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің
XII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Елбасы: «Егер бәз біреулер
Еуразиялық экономикалық одақ отырып қалды десе, ол жаман болғандықтан, отырып қалған
жоқ. Қазіргі жағдай солай», - деп атап өтті. Президент: «Біз дағдарыс пен
құлдырауды алғаш рет бастан өткізіп жатқан жоқпыз. Бұған сабырмен қарап,
сауда-саттықты арттырудың жаңа жолдарын іздеу керек»,- деді.
Соңғы кезде екі ел
арасындағы тауар айналымы бәсеңдеген. Бұл экспорт тауарлары бағасының
төмендеп, валюта нарығының тұрақсыздығынан болса керек. Сонымен қатар,
Қазақстан мен Ресейдің жаһандық азық-түлік нарығында басты рөлде болуға барлық
мүмкіндік бар екенін де тілге тиек етті. Отырыс кезінде Елбасы Владимир Путинді
Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ