Русский Сайттың толық нұсқасы

Н.Назарбаев: Қаруға жұмсалатын қаржының 1% әлемнің дамуына аударып тұру қажет

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2015
  • 1403

Қаруға жұмсалатын әлемдік қаржының бір пайызын жаһанның дамуына аудару қажет. Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясында әлемдік қауымдастықты қару жарысын тоқтатып, озық идеялармен күш сынасуға үндеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, ұйымның қаржы қорына аударылар ақша жаһандық проблемаларды шешуге сеп болмақ. Халықаралық ұйымның биылғы бас жиынында әлемдік саясаткерлер жоспар мен ұсыныстан бөлек, ұйым жұмысын сынап, жаһандық қақтығыстарға кінәлілерді де іздеді. Толығырақ тілші материалында.

Нұрсұлтан Назарбаев биік мінберден әріптестерін қару жарысын тоқтатуға шақырады. Қазақстан басшысы баяндамасында әлемнің қаруға қыруар қаржы жұмсап, жаһандық сүйекті проблемалардың шешімсіз көлеңкеде қалатынын айтты. Мәлімет бойынша әлем мемлекеттері өткен жылы қорғанысқа 1,7 трлн доллар жұмсаған. Қазақстан Президенті ұйым жанынан қаржы қорын құрып, аталмыш шығынның бір пайызын жыл сайын әлемнің дамуына жұмсап тұруды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жағымсыз тренд Таяу Шығыс, Африка мен Азияда болып жатқан қақтығыстармен қиындай түсуде. Бүгінгі миграциялық проблемалар тек соғыспен емес, даму тепе-теңдігінің бұзылуымен сабақтас. 21 ғасырда дамыған мемлекеттерді қаруына қарап емес, озық идеяларды ұтымды қолдана білуіне қарап таниды. Әлемдік проблемаларды зерттейтін Стокгольм институтының мәліметінше, 2014 жылы мемлекеттер 1,7 трлн долларды қаруға жұмсапты. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 2,3 пайызы.

Ұйымның бас жиынында Беларусь президенті Александр Лукашенко әдет бойынша батыл баяндамасымен есте қалды. Президент әлемдік қауымдастықтың бүгін ыдыраған қалыпта кездесіп отырғандығын айтты. Беларусь басшысы, әлемде болып жатқан қақтығыстардың «арсыз саясаттың» жемісі екендігін, ашық айтып, оған кінәлі мемлекетті меңзеді.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

Иракта химиялық қару бар деген желеумен белгілі мемлекеттер Иракты демократияландырғысы келді. Соңында сол қару табылды ма? Орнаған демократия қайда? Бұл мемлекеттің болашағы қандай, даму жолы қайда? Ирак халқының күйі жақсарды ма? Жоқ. Сіздер қате бастық дедіңіздер, бірақ тоқтаған жоқсыздар. Тунисқа кіріп, Ливиядан бірақ шықтыңыздар. Себеп пен сценарий бір. Қаддафидің көзін құртып, бүтін бір мемлекетті күл-талқан еттіңдер. Ливия өзгерді ме? Жоқ. Бүгін сол біртұтас Ливия қайда?

Александр Лукашенко Украина дағдарысын да қозғады. Оның сөзінше, ол жақтағы қантөгіс тоқтамай әлемнің тыныш ұйықтауы екіталай. БҰҰ-ның жұмысын қатты сынаған президент, әлемнің үшінші дүниежүзілік соғысқа қарай бет алғандығына алаңдаушылық білдірді. 

Александр Лукашенко, Беларусь президенті :

Егер Еуропадағы қантөгісті тыйып, бауырластардың бірін-бірі атқан соғысын тоқтатпасақ, қақтығыс үдеп, түгел өркениеттің күні қиындайды. Біз жаһандық қақтығысқа бір табан жақын тұрмыз. Бұның арты әлемдік соғысқа да ұласуы мүмкін.

Мәмілеге келу мақсатында президенттер ассамблея алаңында жеке кездесулер өткізіп қалуға тырысуда. Осылайша мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ертең АҚШ президенті Барак Обамамен кездесуді жоспарланған. Сондай-ақ көпшілік Владимир Путин мен Обаманың бірлескен мәлімдемесін де асыға күтіп отыр. Жоспар бойынша қос президент бүгін БАҚ өкілдерінің алдына шығуы тиіс.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ